Теміртау қаласының Орталық мешітіне Ораза айт мерекесі күні таңнан бастап жиналған халықтың қарасы көп болды. Таңғы 6:30-да айт намазы оқылып, Мешітіміздің бас имамы Ербол қажы Төлтаев жамағатқа тағлымы мол уағыздар айтылды. Сондай-ақ, жиналған жамағатты дін мен дәстүрді сабақтастыруға арналған мешіт алаңына жасалған іс-шараға шақырды.
Үлкен қарияларымыз бен зиялы қауымдарды мешіт ауласына тігілген қазақтың киіз үйіне жайылған ақ дастарханға шақырды. Одан кейін айт мерекесіне арналған шағын дәстүрлі спорттық ойындарға кәрі-жасы қалмай қатысты. Мәселен, арқан тарту, қол күрес, түйе палуан, ерлер арасында футбол ойындары мен әйелдер арасында тоғызқұмалақ сынды ұлттық ойындар ойнатылды. Сонымен қатар сайыста I, II, III орын иегерлеріне мешітіміздің атынан сыйлықтар табыс етілді. Жүлдегерлерді Орталық мешіттің бас имамы Ербол қажы Төлтаев құттықтап, сыйлықтарды табыстады. Осылайша таңғы сағат 8:00-де басталған айт мерекесіне арналған мерекелік іс-шаралар кешкі сағат 10:00-ге дейін футбол алаңында жалғасын тапты. Жалпы биылғы ораза айт мерекесі халыққа өте әсерлі болды. Осындай дәстүрімізді жаңғыртқан бұл іс-шаралар мен ұлттық ойындарға риза болған жамағатымыз өз алғыстарын білдіріп тарқасты.
Пікірлер