Туған баласы мен ата-анасын тастап кету секілді әрекеттер дәстүрімізге қайшы. "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.
"Егде жастағы 7 мыңнан астам адам қарттар үйінде өмір сүруде, ал олардың көбінің дені сау, табысты балалары бар. Қартайған ата-анасын тастап кету деген біздің дәстүрімізде жоқ, жалпы бұндай түсінік болмаған. Қоғам туған баласы мен ата-анасын тастап кету секілді әрекеттерді масқара құбылыс ретінде бағалауы тиіс. Бұл біздің жанымызға жат құбылыс. Халқымыз әкені асқар тауға балаған, ешқашан алдын кесіп өтпеген, "жұмақ ананың табанының астында" деп анасын сыйлаған. "Бала бауыр етің" деп ұрпағына айрықша қамқорлықпен қараған. Қандай жаугершілік заманның өзінде жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған елміз. Біз - қазақ осындаймыз!", - деді мемлекет басшысы.
Президент ата-анасын қарттар үйіне тапсыратын қатыгез ұрпақ, баласынан жеритін көкек ана халқымызда ешқашан болмағындығын атап өтті.
"Бұл біздің дәстүрімізге қайшы, салтымызда жоқ әрекет. Жастық шақта ата-анаңа не көрсетсең, қартайғанда өз ұрпағыңнан соны көресің. Ата-анаңа құрметпен қарау, халықты сыйлау, ұрпаққа қамқорлық жасау әрбір адамның қасиетті борышы емес пе?!", - деді Елбасы.
Елбасы осыған байланысты қариялар құқының қорғалу тетігін әзірлеуді тапсырды.
Бізде неге отау құрған жастардың 20 пайызы алғашқы бір-екі жылдықта ажырасып кетіп жатыр? Кейбір көкек аналар өз балаларын неге тастап кетіп жатыр?
"Бізде неге отау құрған жастардың 20 пайызы алғашқы бір-екі жылдықта ажырасып кетіп жатыр? Кейбір көкек аналар өз балаларын неге тастап кетіп жатыр? Жастарымызды отбасылық өмірге дайындалуға кімдер көмектесуде? Ал бойжеткендерімізге "ана" атану бақыты жайында кімдер кеңес береді? Осындайда психологиялық тұрғыдан дайындауға ден қойып жатқандар бар ма? Түсінеміз, түрлі жағдайлар болады. Қарттарымызға да қайырылмай теріс кетіп жатқан жастар бар. Міне, осы мәселелерді Президент Әкімшілігі мемлекеттік тұрғыда талдап, таразылап тиісті шешімдер қабылдауы керек деп санаймын", - деді салтанатты шара аясында сөз сөйлеген ол.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы бұл тапсырманың іске асырылу мерзімін де нақтылап берді.
"Қоғамдық бірлестіктерді осы іске қатыстырумен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарын да тартыңдар. Ал Үкімет Президент Әкімшілігімен бірлесе отырып, нақты іске көшетін ұсынысты екі ай ішінде әзірлесін", - деді Елбасы.
"Егер ата-анасының қасында балалары болмаса немесе болғысы келмесе, сол қарттарымыздың күтімін жасауы үшін балалары да алимент төлесін. Осы мәселені қаузайтын заң қалай жұмыс істеуде. Қарттарымызды қызметке орналастыруда да олардың құқының сақталуын қамтамасыз ететін заңымыз қалай жұмыс істеп жатқандығын бақылау керек. Міне, осы жайтқа да баса көңіл бөлетін кез жетті", - деді Елбасы.
Отбасының бірлігі - Отанның бірлігі деп бағалаған Елбасы елімізде жас ұрпақтың білімі, денінің сау болуы, әрбір отбасының мызғымас берік болуы, қарттардың зейнетті өмір кешуі үшін барлық жағдай жасалып келе жатқанын тілге тиек етті.
Айта кетейік, марапаттау рәсіміне аймақтық турлардан жеңіп шыққан 16 отбасы қатысады. Жалпы, конкурста еліміздің барлық өңірлерінен 1 298 отбасы бақ сынаған болатын.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауының жеңімпазы Бимаханбетовтер отбасына шағын әмбебап автобустың кілтін табыс етті.
Бимаханбетовтер отбасы 8 ұл-қыз тәрбиелеп, олардан 33 немере мен 10-нан астам шөбере сүйіп отыр. Отағасы Елтай Бимағанбетұлы - мәдениет саласының ардагері. Түркістан қаласының құрметті азаматы.
Сондай-ақ президент елімізде әрбір 90 секунд сайын дүние есігін жаңадан ашқан сәбидің іңгәлаған дауысы естілетінін атап өтті.
Елімізде жүргізіліп жатқан саясаттың демографиялық ахуалға оң септігін тигізіп отырғанын баса айтқан Мемлекет басшысы: "Тәуелсіздік кезінде, биыл оған 23 жыл толады, 6 миллионнан астам сәби дүниеге келді. Совет одағы күйреп, халқымыз мүшкіл болған жағдайда халқымыздың саны 14 миллионға дейін төмендеп кеткенін білесіздер. Осы жылдардың өзінде, қазір еліміздің халқының санын 17 миллионнан артық болды. Өткен 1 жылдың ішінде 254 мың адамға көбейдік. Салыстыру үшін айтар болсақ, бұл тұтас Қостанай қаласының халқы болып саналады. Статистика бойынша елімізде әрбір 90 секунд сайын дүние есігін жаңадан ашқан сәбидің іңгәлаған дауысы естіледі", - деді.
"Бұрын-соңды Қазақстанда ешқашан болмаған күрделі операциялар жасалатын болды. Соның нәтижесінде ел азаматтарының орташа өмір сүру ұзақтығы 70 жастан асты", - деді мемлекет басшысы.
Пікірлер