Бүгін Қарағанды облысының өкіл имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы қажылық сапарын өтеуші жамағатымызбен жүздесті. Алдымен қажылыққа барушы ата-апаларымызбен жағдай сұрасып, толқып жүрген көңіл-күйлерімен бөлісті. Арықарай қажылық парызын өтеуде орындайтын негізгі істерді кеңінен түсіндіріп өтті. Сонымен қатар өкіл имам: «Барлығы Алла Тағаланың қалауымен. Алла Тағала пендесіне қажылық өтеуді нәсіп етсе ғана барады. Биыл қажылыққа барушы жамағаттың қатары Аллаға шүкір көбейіп келеді. Өздеріңізді бір Алла қорғап, өзі сақтағай. Алдарыңызда үлкен жол, жолдарыңыз жеңіл болсын», - деп бата қайырып, құран оқыды.
Қасиетті Құран Кәрімде: «Ол жерге баруға шамасы жеткен барлық адамға Алла Тағала үшін Қағбаны зиярат етіп, қажылық жасау парыз» делінген. Биыл міне, тоғызыншы рет қажылыққа барғалы тұрған Бикамал апамыз: «Алла Тағалаға сансыз шүкішіліктер айтамын. Бұйырса жақын арада қажылыққа шыққалы тұрмыз. Алла біліп-білмей істеген күнәларымызды кешіріп, құлшылығымызды қабыл етсін дегім келеді. Өзіміз үшін ғана емес, барша Қазақ елінің тыныштығы үшін дұға етеміз. Бірінші рет барғалы тұрған жамағатымызға Алла Тағаладан ақ жол тілеймін», -деп өз ойымен бөлісті.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ислам діні бес негізден тұрады: Алладан басқа тәңір жоқ екендігіне және Мұхаммедтің (с.ғ.с.) Алла Тағала тарапынан жіберілген шынайы елші екендігіне куәлік келтіру, намаз оқу, зекет беру, Рамазан оразасын ұстау, шамасы келсе, қажылыққа бару»,- деді.
Алла Тағала қажылықтарыңызды қабыл етіп, аман-есен елге оралуды нәсіп етсін.
[gallery link="file" columns="2" ids="9653,9655"]
Пікірлер