Ислам әлемі аңсай күтетін атаулы мерекелердің бірегейі –Құрбан айт. Асыл дінімізде бұл айтулы мерекенің алар орны ерекше. Қасиетті Құрбан айт барша мұсылманның бірлігін күшейтіп, өзара бауырластықты арттырады.
Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазіреті «Дін мен дәстүр» жылының аясында Құрбан айтты атап өтуді бекіткен болатын. Бүгін ұлық мерекені Қарағанды облыстық орталық мешіті Қарағанды халқымен бірге атап өтті.
Жұма намазы оқылған соң, ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша өкіл имамы, Қарағанды облыстық орталық мешітінің бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы ең алдымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы хазіреттің Құрбан айт мерекесіне арналған сәлемін жолдады. «Ұлық мереке-Құрбан айт» тақырыбымен мазмұнға толы уағыздар жүргізді. Әсерлі уағыздан соң Құрбан айттың қасиеттері мен айтта орындайтын ізгі амалдарды кеңінен түсіндіріп айтып өтті. Сонымен қатар, « Құрметті жамағат, Алла Тағаламыз жасаған жақсылықтарыңызды, ақ ниеттеріңіз бен шынай пейілдеріңізді, шалған құрбандықтарыңызды қабыл етіп, мақсат-мұраттарыңызды асыл еткей. Алла Тағала Отанымызға әрқашан береке-бірлік берсін, отбасыларыңызға амандық, саулықты нәсіп еткей. Алла Тағала айттан айтқа аман-есен жетуге жазсын.» - деген ізгі тілегін білдіріп, құран бағышталды. Өкіл имам мешітке келуші халыққа сән-салтанатымен өткізгелі жатқан имани думанға шақырып, шараның өту барысымен таныстырды.
Қарағанды облыстық орталық мешіті айтулы мерекеге көптен бері айырықша дайындалып, бір күн бұрын мерекенің құрметіне салт-дәстүрімізге сай арнайы киізүйлер тіктірген еді. Алты қанатты отауда ақ дастархан жайылып, мерекеге жиналған халыққа ас берілді. Қарағанды қаласының құрметті азаматтарына мешіт атынан иықтарына шапан жауып, сый-құрмет көрсетілді. Аузы дуалы ақсақалды аталарымыз ақ баталарын беріп, ұлттық ойындарымызға кезек берілді. Арқа елінің айтыскер ақыны Айтбай Жұмағұлов елді қызықты да тартысты ойынға шақырды. Нар тұлғалы палуандарымыз қазақша күреске шығып, барын салып белдесті. Ары қарай садақ ату сайысы өтіп, нысанаға дәл тигізген кіл мергендер іріктелді. Бұл ойынмен қатар асық ату жарысыда жүріп жатты. Ал, жақ-жаққа бөлініп алған күштілер арқан тарту сайысын қыздыра түсті. Бұдан бөлек белтемірге тартылу(турник), гір тасын көтеру сынды сайыстар да болып өтті.
Дүркіреп өткен бұл сайыстар да өз мәресіне жетті. Өкіл имам барша қатысушыларға құрметпен алғыс білдіріп, дүбірлі додада оқ бойы оза шыққан қатысушыларды марапаттауға жинады. Қорытындылау нәтижесінде Қарағанды облыстық «Нұрлы Білім» қоғамдық бірлестігінің басшысы Рүстем Сыздықов орталық мешіт пен қоғамдық бірлестіктің атынан қазақша күреске 50мың мен 15мың теңге аралығында ақшалай үлестіріп, марапаттау қағаздарын қоса табыстады. Басқа жүлдегерлер де 15мың мен 5мың теңге көлемінде ақша ұсынылды. Кіл жүйріктер өз разылықтарын айтып, имани думаннан жақсы көңіл-күймен тарасты.
Пікірлер