Тілдік нұсқа
Радио

Жаңалықтар

Сауап істер жасалды
08 қазан, 2014 жыл 133 Басып шығару нұсқасы

Мұсылман жұртшылығын үш күн сауап іске бастаған Құрбан айт мерекесі Шахтинск шаһарындағы «Нұр» мешітінде жоғары қарқында атап өтілді. Ең біріншіден қала тұрғындары мен қала қонақтарына арналып айтулы мерекемен құттықталған плакаттар ілінді. Ал, өткен сенбіде мұсылмандар мешітіне Аллаға құлшылық етіп, айт намазына келушілердің санында шек болмады. Таңғы сегізден жиналған халық ғибадатхана ғимаратына сыймады. Сыртқа кілем төселіп, қалған кісілер тыста тұрып намазға жығылды.


Таңнан бастап айт намазына келуші мұсылман қауымға мешіттің бас имамы Қоныскерей Құмарұлы Құрбан айт жайлы уағыздар айтып, барша азаматтарды қайырымдылық жасауға, көмекке мұқтаж жандардың сауабын алуға шақырды. Ол өз сөзінде: «Құрбан айт – бірлік пен игілік, мейірім мен кешірім мерекесі. Айт күні мұсылмандар қайырлы, ізгі амал істері арқылы Жаратушыға жақындайды. Алланың разылығы үшін құрбан шалып, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына қайырымдылық көмек көрсетеді. Бұл ұлық мереке ағайын - туыстың арасын жақындатып, көршілерді, ұлттар мен ұлыстарды ынтымаққа ұйытып, татулыққа шақырады. Қажылыққа аттанған мұсылман бауырларымыз жүздерін қасиетті Қағбаға қаратып, Арафат тауында еліміздің игілігі мен халқымыздың бірлігін, екі дүниенің бақытын тілеп, Жаратқанға жалбарына дұға жасауда», - деді баршаны имандылыққа, татулыққа үндеп.


Сонан соң қала әкімі Александр Аглиулин қала тұрғындарын айт мейрамымен құттықтап:


-Қасиетті Құрбан айт мерекесі игіліктің, мейірімділіктің, кең пейілділіктің, жақындарға жанашырлық пен қамқорлықтың салтанат құруының нышаны. Бұл күндері жетімдерге, қарттарға, мүгедектерге және барша мұқтаж жандарға көрсетілетін көмек жүректерді ізгілік пен ризашылыққа толтырады. Жаратушымыз тілектерді қабыл етіп, құт-береке сыйласын! Елімізде әрқашан бейбітшілік, бірлік және келісім болсын!, - деді риясыз ағынан жарылып.


Айт намазынан соң мешіт алаңында ауа райының қолайсыздығына байланысты тігілген шатыр астына дастархан жайылып, мейрамға жиылған жұртшылық қауым дәмнен ауыс тиіп, ақ тлектерін білідірді. Одан кейін сол арада арқан тарту және гір тасын көтеруден сайыс ұйымдастырылды. Арқан тартудан қалалық білім беру саласының қызметкерлері жүлделі орынды иелесе, диханшылар екінші орынды еншіледі. Ал Долинка кентінен келген азаматтар үшінші орынға табан тіреді. Гір тасын көтеру жарысына отызға тарта азамат өз бақтарын сынап, 24 кг салмақтағы қара тасты білектің күшімен ойнатты. Шахта саласында еңбек етіп жүрген Ардақ есімді жігіт гір тасын 25 рет, ауыл шарышылығы саласының дамуына үлес қосып келетін Ислам есімді өзбек ағайын 28 рет, ал жылу мекемесінің қызметкері Нұрлан бауырымыз 42 рет көтеріп, рекорд жасады. Яғни ол баршадан күші басым келіп, топтан озды. Жеңімпаздарға білім беру бөлімінің алғыс хаттары табыс етілсе, мешіттің бас имамы тарапынан ақшалай сыйлық үлестірілді.


Спорттық шаралармен қатар, мешіттің құрбандық шалу майданында жомарт жандар тарапынан мал сойылып, жетім – жесірлерге, 30 – дан астам көп балалы отбасыларға, мұқтаждарға тегін ет таратылып берілді. Қайырымдылық көрсеткендер арасында кәсіпкерлер, әсіресе айтыс өнерінде жұртқа танылып қалған ақын ініміз Нұрмұхаммед Байсүгіров өзгелерге көмек қолын созып, сауап іс жасады. Иә, олардың жасаған қайырымдылық істеріне Алла разы болары хақ. Сонымен бірге Құрбан айт мерекесі кенттерде де жалғасын тапты.Осы күні қаламызда көптеген сауап істер жасалды.


[gallery link="file" columns="4" ids="9981,9982,9983,9984"]

Аманкелді Тұржанов





Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары