Тілдік нұсқа
Радио

Жаңалықтар

Ислам – бейбіт өмірді ұлықтайды
17 қазан, 2014 жыл 103 Басып шығару нұсқасы
Рухани келісім күніне орай Қарағанды қалалық әкімшілігінде  алқалы жиын өтті. Қала әкімі Нұрлан Әубәкіровтың төрағалық етуімен өткен басқосуға Қарағанды облыстық дін істері басқармасының басшысы Қайрат Нүркенов, дәстүрлі діндердің өкілдері, этностық қауымдастықтың төрағалары мен ҚМДБ-ның Қарағанды облыстық мешітінің өкіл имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы және қала мешіттерінің имамдары қатысты. Жиында Отанымыздың өркендеуі жолында ұлтқа-ұлысқа бөлінбей, бір шаңырақ астында бір атаның баласындай сыйластықпен, тату-тәтті ғұмыр кешіп отырған бейбітшіліксүйгіш сезімдер мен ынтымақтастықты одан әрі баянды етуге арналған баяндамалар мен ыстық лебіздер айтылды.  Өз кезегінде өкіл имам Өмірзақ қажы: - «Ислам бейбітшілікті уағыздайтын дін болса, мұсылман баласы сол бейбітшілікті өзінің сөйлеуімен, өзгелермен қарым-қатынасымен, қысқасы, әрбір іс-әрекетімен іс жүзінде көрсетуші тұлға болмақ.  

Исламда мақсат кандай таза болса, оған апаратын жолдар да сондай таза болуы тиіс. Ислам – қиямет күніне дейін жалғасатын дін. Ислам дініне құрмет көрсетіп, бейбітшілікті сақтаймыз. Біз бүгінде тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы үшін қызмет ететін, білімді, иманды, ибалы, Отанын сүйетін ұрпақ тәрбиелеу жауапкершілігі жүктелген заманда өмір сүріп отырмыз. Иман бұлағынан сусындаған адам арына дақ түсірмейді. Өйткені, Ислам жоғарыда айтқанымыздай адамгершілік құндылықтарды қастерлеуге үндейді. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Алтау ала болса, ауыздағы кетеді», деп дана халқымыз текке айтпаған. Осынау алмағайып заманда Адам Атамыздан тараған адам баласының басын біріктіріп, ұлтқа-ұлысқа бөлінбей, ел игілігі мен бірлігі секілді ортақ мақсаттарға жұмылдыру басты назарда болмақ. Ұлы Жаратушымыз Қасиетті Құранда«…Жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер. Алладан қорқыңдар! » («Мәида» сүресі, 2-аят), деген. Имандылықтың бір шарты басшыға бағыну. Біз Пайғамбардың (с.ғ.с.) «Басшыларыңа бағыныңдар» деген өсиетіне амал етіп, Елбасының төңірегіне топтасып, исі қазаққа, ел игілігіне бағытталған, татулық пен бірліке негізделген ортақ мақсат-мүдделерімізге жету үшін лайықты қызмет ете алсақ, ынтымағымызға бекем болсақ, егемен еліміздің туы әрқашан да биік,  тәуелсіздігіміз баянды, татулығымыз мәңгі болады», -деп ақ тілегін білдірді.

 

Қарағанды облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі

[gallery ids="10366,10367,10368,10369,10370"]

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары