Тілдік нұсқа
Радио

Жаңалықтар

Бас мүфти «Көзқарас» бағдарламасында  
24 қазан, 2014 жыл 139 Басып шығару нұсқасы
Без иxxмени-1

Бүгін Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы "Хабар" арнасының "Көзқарас" бағдарламасында қонақ болды. «Дін және діл»  тақырыбы аясында өрбіген сұхбатта  Бас мүфти жүргізуші Ирак Елекеев пен теле көрермендер тарапынан қойылған сауалдарға  жауап берді. Жалпы еліміздегі діни ахуалдар мен келелі мәселелер айтылған  сұхбатты сайт оқырмандарына жазбаша нұсқасын ұсынғанды жөн көрдік.

 Жүргізуші: Армысыздар, ағайын! Бүгінгі бағдарламаның қонағы Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Маямеров. Қош келдіңіз!

Бас мүфти: Рахмет!

Жүргізуші: Құрметті көрермен бағдарламамыз тікелей эфирде жүргізіліп жатыр. Бүгінгі мейманымызға қояр сауалдарыңыз болса, телефон шалуларыңызға толықтай мүмкіндік бар.

Жүргізуші: Ержан қажы Малғажыұлы діни басқарма Астанаға қоныс аударды деп естіп жатырмыз. Басқарманың көшіп келуіне не себеп болды?

Бас мүфти: «Биссмилла рохмани рохим». Расында да  біз Алматыдан елордамыз Астанаға қоныс аудардық. Негізгі құрамды көшіріп алып келдім. Тіпті, бір аптадан асты жұмысымызды да бастап кеттік. Әйтседе Алматыдағы діни басқармамыз өз жұмысын тоқтатпайды. Өйткені  Оңтүстік өңірінде  біздің мешітіміздің басым көпшілігі орналасқандықтан, Алматыдағы діни басқарманың жұмысы жалғаса бермек. Астанаға келгеніміздің себебі үлкен. Бұл жерде Діни бірлестіктер және басқа да орындармен ынтымақтаса жұмыс жүргізу үшін елорда да болуымыз өте маңызды. Екіншіден Астана Қазақстанның орталық аймағы болғандықтан. Мынау облыстардағы өкіл имамдардың жұмысын  жіті қадағалау үшін  географиялық жағынан да бізге өте тиімді болып тұр.

Жүргізуші:  Өзіңіз келгелі дін мен дәстүрге үлкен мән беріп жатырсыз. Себебі неде?

Бас мүфти:  Жалпы дін мен дәстүрді бағзы бір адамдар бөліп қарауға тырысты. Рас қой? Дін бөлек, біздің  дәстүріміз бөлек деген  сияқты пікірлер қалыптасты. Осыған орай айтайын бір оқиға болды. Осы  мәселені көтерер кезде Оңтүстіктің Сарағашына іс-сапармен бардым. Сонда бір үлкен ақсақал көшенің басына түсіп, бері қарай  келе жатыр екен. Көшедегі бір үйде хатым (құдайы тамақ) болған ба сол үйден үш-төрт әжелер шықты. Сонда ақсақалдың көшенің басына түскенін көріп, жаңағы әжелеріміз жолды қиып өтпестен қаз-қатар тұра қалып сол ақсақалдың өтіп кетуін күтіп тұрды. Расы керек, бұл жағдайды көріп, өзім таң-тамаша күйде қалдым. Ақсақал өтіп бара жатқан кезде жаңағы әжелеріміз иіліп сәлем салды. Ақсақалымыз көзін қиығын ғана  тастап,  «Бақытты болыңдар, айналайындар» дегенін естідім.

Жүргізуші: Ол кісі имам емес?

Бас мүфти: Жоқ имам емес. Сонда бұл біздің дінімізден ғой дедім. Қалай біз дәстүріміз бен дінімізді бөлек қараймыз? Кешегі кеңестік кезде дініміз сақтап келген осы біздің дәстүріміз емес пе деген үлкен ойға қалдым. Содан  жұмысқа Алматыға келген соң «Дін мен Дәстүр»  кітабын шығаруды қолға алдық. 2014 жылы Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы «Дін мен дәстүр» деп жарияладық. Соның аясында біршама іс-шараларды өткіздік. Расында да біздің мақал-мәтелдерімізді алатын болсақ, сол мақал-мәтелдердің мағынасы Құранның аятында немесе, Пайғамбарымздың хадисінде  бар. Яғни біздің салт-дәстүріміз, дәстүрлі дінімізбен біте қайнасып кеткен. Жаңағы дінді көтеретін болсақ, міндетті түрде ішінде дәстүріміз бар. Біз осы дәстүрді көтеру арқылы халықты дінге, мешітке жақындатамыз. Осы тұрғыда дін мен дәстүр жылын белгілеп, осы кітапты шығардық. Құдай қаласа осы кітабымыздың 2-ші бөлімі жарық көргелі жатыр.  Баланың дүниеге келгенінен бастап, ер жігіт болып үйленгеніне дейінгі аралықта өзіміздің салт-дәстүрлеріміз бар ғой, тұсауын кесуі бар тағысын тағы бар. Осының барлығы біздің дініміз бен ұштасып кеткен. Сол жерлерін жіті көрсеткіміз келеді. Дін мен дәстүрді жақындатқымыз келеді. Діннің өзінде дәстүрге үлкен маңыз берген. Құранда да дәстүрмен фәтуа жаса дейді. Бұл нені айтады? Әр елдің әр  мемлекеттің, ұлттың, өзіндік дәстүрі бар. Алла Тағала Құран  Кәрімде де біз әр адам баласын әр ұлттан жараттық дейді. Ал өзбектің өзбек екенін, ұйғырдың ұйғыр екенін біз оның салт-дәстүрінен біле аламыз. Міне Алла Тағала өзі бөліп қойған. Дінге ешқандай қарама-қайшылық жоқ. Қайта біте қайнасып кеткен. Біз осыны көбірек көтеруіміз керек. Өскелең ұрпаққа салт-дәстүрімізді бойына сіңірсек ол азамат елді қорғайтын, отаншыл үлкен тұлға болып өседі.

Жүргізуші:Биыл қажылыққа өзіңіз бардыңыз ба?  Біздің Қазақстаннан қанша адам барды? Биыл қажылық сапарының барысы қалай өтті?

Бас мүфти: Биыл өзім барғаным жоқ. Құдайға шүкір! 2000 жылға дейін бізде 500-400 адам баратын еді. 2014 жылы қажылыққа 5000 адам барды. Бұл да бізді қуантатын жағдай. Өйткені имандылыққа бет бұрғандардың қатары көбеюде. Халықтың әл-ауқаты жақсарып жатыр. «Ораза, намаз - тоқтықта» деген. Халықтың әл-ауқаты жағдайы жақсармаса, сонау қажылыққа бару оңай тимесі анық. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының өз миссиясы бойынша биылғы қажылыққа барған 5000 адамға қызмет көрсетеді.  Әр бір фирмаға бір имамнан жіберіп, қажылыққа аттанған адамдарға қажылық қалай жасау керектігін, жөн-жоралғыларын  үйретті. Жол бойы барып қайтқанша уағыз жүргізді. Сонымен бірге қажылыққа арнайы дәрігерлерді қосып  жібереміз. Сол дәрігерлеріміз 24 сағат бойы қажыларымызға қызмет көрсетеді.  Дерігерлерге қажетті құрал-жабдықтарын да алдын ала дайындап қойдық. Қажылыққа барған үлкен ата-апаларымызға  сол жақтағы арабтардың дәрі-дәрмектері жаға бермейді. Осыны ескере отырып 700000 теңгеге дәрі-дәрмек алдық. Жалпы қажылық миссиясы биыл жақсы өтті.

Жүргізушы: Бұрындары қажылық сапарына қатысты түрлі жағдайды еститін едік. Биыл тыныш, елдің пікірі жақсы. Соған қарағанда қажылық сапарына жасаған қажырлы еңбектеріңіздің үлесі үлкен болды ғой. Қарттар үйінен арнайы қарттарымызды қажылыққа алып баруды Қарттарымызға көңіл бөлуді жақсы дәстүрге айналдырыпсыздар. Осы жайлы айтып берсеңіз, өз қаражаттарыңызбен көмектесіп жатырсыздар ма?

Бас мүфти:Пайғамбарымыз айтады: «Қарты бар үйде береке бар». Сондықтан қарттарымыз біздің қазынамыз. Осы тұтас еліміздің берекесін келтіріп отырған қарттарымыз деп білу керек. Осы тұрғыда Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы қарттар үйімен тығыз байланыстамыз. Қандай бір іс-шаралар болып жатса біз сол қарттар үйінен табылып жатамыз. Өзім қарттар үйіне жиі барып тұрамын. Бір барғанымда  қарттар үйінің бір бөлмесін намаз оқуға дайындап қойған ақсақалдарымыз сол бөмеде намаз оқып отыр екен.  Осы жағдайды көріп қатты риза болдым. Содан ақсақалдан қажылыққа барғансыз ба деп  сұрадым. Ол кісі  балам-ау ондай мүмкіншілік қайда деді.  Сол кезде ораза айы болтын. Екі ақсақалға сіздерді биыл Алла жазса кіші қажылыққа діни басқарманың қаражатымен  жіберсек деп едік, қуанып кетті. Құдайға шүкір екі ақсақалымызда барып қайтты. Өздері келген кезде рахметін айтып, батасын берді. Сонда ақсақалымыз көзіне жасалып, бұл жақсылықты өз балаларымнан көрмеп едім деді. Біздің бұл істеп жатқанымыз жастарға тәлім-тәрбие болсын деген ниетпенен. Ендігі жолы Айымторы деген апамыз барғалы жатыр. Сол кісіні дайындап жатырмыз. Алла жазса бұл үрдісті тоқтатпаймыз. Жыл сайын қарттар үйіндегі ата-апаларымызды кіші қажылыққа алып барып отырамыз.

Жүргізушы: Жақында елбасы «Мерейлі отбасы»  деген конкурсқа  қатысқанда айтты бұрын ардагерлер үйі болды, ал қазіргі қарттар үйінің көбеюі мұсылманға, қазаққа тән емес деп. Осыған байланысты сіздерде де бір шара атқарылып жатыр деп естідім. Сол жайлы айтсаңыз.

Бас мүфти:Иә, бұл қазақта қарттардың үйі, жетім-жесірлердің жылап жүргені  бұрын-соңды болмаған.  Елбасы осыны баса айтты. Қазіргі таңда Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы әр апта сайын жұма уағыздарында барлық ауылды, қалалық мешіттерде қарттарды құрметтеу, ата-ананы сыйлау сынды уағыздар насихатталуда.  Ата-анаңа не істесең алдыңа сол келеді дегенді жастардың санасына сіңіруге жұмыс жүргізіліп жатыр. Менің естуімше  кішкентай ғана Шешенстанда қарттар үйі, жетімдер үйі деген жоқ екен. Кезінде  біздерде де сондай болды ғой? Әмеңгерлік салтында күйеуі қайтыс болған келіншек қайынағасына не қайынінісіне қосып,  жесірін қаңғытпады емес пе?!

Көрермен сауалы: Ассалаумағалейкум! Ата-бабамыздың дәстүрі бойынша бұрын кісі қайтыс болғанда дәлел оқылатын. Содан сол үйге келіп құранды хатым ететін. Соңғы кездері хатым жасалмай жүр, сіз не айтасыз?

Бас мүфти:Жаназа мәселесі өзекті  болып тұр. Екі ауылдың өзінде жаназа рәсімі екі түрлі. Жалпы біздің шариғатымызда дәлел оқылмайды. Ал кейбір өңірлерде бұл дәлел оқылып жатыр. Имамдарымыз мәйітті шығарғаннан кейін хатым түсіріп, құран оқып жатыр. Біз бүгінгі таңда жаназа жайында кітап дайындап жатырмыз. Ақырындап бүкіл Қазақстандағы жаназа рәсімін бір қалыпқа келтіру мақсатында. Ол үшін біраз уақыт кетеді. Сұрағыңыз орынды, Құдай қаласа бұл реттеледі.

Көрермен сауалы: Бізде өңірлерде бірнеше хазіреттер бар. Осы тұлғалар неге зерттелмейді екен?

Бас мүфти:Сұрағыңыз өте орынды. 2014 жылы «Дін мен дәстүр» деп жарияладық қой, осы бағдарламасының аясында тарихи мешіттерді зерттеу жұмысын жүргізіп кеттік. Кезінде қазақ топырағында дінге қызмет еткен, діни қызметкерлер туралы мақалалар дайындалып жатыр. Науан хазіреттің өзі шоқындыру саясатын тоқтатқандардың бірі. Осы еңбектерін зерттеп, қолға алып жатырмыз.

Жүргізуші:Имамдардың білімін қалай арттырып жатырсыздар?

  Бас мүфти:Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы негізгі төрт бағытта дамытуды қолға алғанбыз. Оның біреуі имамдардың білімін арттыру.  Осы тұрғыда бүкіл өңірлерде семинарлар, тренингтер өткізіліп жатыр. Бізде Алматыда Ислам институты бар. Осы институттың оқу жүйесін  бір жүйеге келтірдік.  Оқыту методикасына біраз пәндер қосылды. Олар:  шешендік сөз өнері, қазақ тілі, қазақ әдебиеті, заң және психологияны  енгіздік. Өйткені біздің имамдарымызға осы пәндерді тереңдетіп оқуы   қажет. Осы себеппен кітап дайындадық.  Белгілі мамандарды шақырып семинарлар өткізіп жатырмыз. Имам халықпен  қалай тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізіп кете алады? Айтатын уағыздарына тауып айтылған шешендік сөз өнерін қалай қосу керек? Осы мәселеге көңіл бөлініп жатыр. Біздің имандылыққа байланысты айтылған шешендеріміздің сөздері өте көп. Оны ұтымды пайдаланса, жамағаттың құлағына жағымды. Міне, осы тұрғыда біраз жұмыстар жүргізіліп жатыр.   Және осы институтта да қалалық стандартта дәріс беру  бойынша оқыттық. Бүгінгі таңда 250 имам оқып, сертификат алды.

Көрермен сауалы: Сіздердің бағдарламаларыңызды қарап отырмын. Мен биыл қажылық сапарына барып қайттым. Ұйымдастырушылар өте жақсы дайындық жүргізіпті. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажұлына үлкен алғысымды білдіргім келеді.

Бас мүфти: Сізге де рахмет!

  Жүргізуші:Жұма намазына қатысуға  көп болмаса да ара-тұра мешітке  барып тұрамын. Сонда  бір сыртқы келбеті, жүріс-тұрысы, киім кигені  басқа ағымның етегінде жүргендерді көз көреді. Осыған не айтасыз?

Бас мүфти:Сіз ағымдар деп айттыңыз. Орынды, иә бұларды ағымдар деп атайды. Неге десеңіз тасқын су сияқты ағып өте шығады. Шәкірістани деген ғалымның кітабында Ислам дініндегі ағымдар жайлы жазылған. VIII ғасырдан бергі келе жатқан ағымдарды жазады. Сонда қарап отырсам қаншама мың ағымдар болған. Солардың қазір біреуінің аты аталмайды. Өйткені олар ағып өте шықты. Тасқын су боп ағып өткеннен кейін, әрине артында көптеген зиян қалдырады. Бүгінгі ағымдар, ертең басқаға ауысып қайта шығады. Бұл ағым деген сол. Бұған бірден-бір істеп жатқан жұмысымыз ең бірінші мынау жастарымызды сол ағымдағы жастарға түсіндірме жұмысын жүргізу. Дәстүрлі дініміздің құндылықтарын түсіндіру және дәстүрлі дінімізді ұстап жүрген жамағаттармен   біріктіргіміз келеді. Ол үшін біз мешіттерде  спорттық шараларды ұйымдастырып жатырмыз. Мәселен волейбол сияқты түрлі ойындарды ойнау барысында имамдарымыз бен сол жастар етене араласа бастады. Әрине бұл біраз уақытты еншілейтін жұмыс. Әйтседе бұл жұмысты тоқтатпау керек. Содан кейінгі мәселе халықты ақпараттандыруымыз қажет. Бүгінгі таңға дейін халқымыз діни мәселеде ақпараттанбаған. Жай  бір ауылдың тұрғынынан жалпы дін туралы сұрасаңыз білмейді. Ал, қазір сіз Еуропаға барып кәрі не жасынан дін туралы сұрай қалсаңыз барлық діндер туралы айтып береді. Бірақ ол айтып тұрған діндерді ұстамайды. Ақпараттанған деген сол. Біздің бір қиыншылығымыз діни мәселелерді оқу орындарында не басқа жерлерді кеңірек таныстыру керек десек, адамдар ойлайды барлығы діндар, молда болып кетті. Жоқ, олай емес. Өсіп келе жатқан бала барлық діннен мағұлмат алып жатқан болса, басқа ағымдардың жетегінде кетпейді. Ал дінді ұстау не ұстамау жұмыр басты пенденің өз құзырында.

Жүргізуші: Осыдан бірнеше жыл бұрын парламентте даулы сөз болды. Осыған байланысты айтайын Ата заңымыз әр түрлі басылымдар басып соған байланысты қателіктер кетіп жатты. Сондықтан Құран кітапты да шығаратын әр түрлі баспалар бар. Оның үстіне аудару, ал аударушыларды әр түрлі. Осыған байлансыты айтайын жақында емханада бір жігітпен сөйлесіп қалдым. Қолында осыдан төрт жүз жыл бұрын аударылған Құран кітап бар екен. Екеуі екі түрлі аударылған. Осының себебін  бас мүфтиден  сұрасасаңыз деп өтініш айтқан еді. Бұған не дейсіз?

 Бас мүфти: Өте орынды сұрақ. Құранның ішіндегі аяттарға мағына бергенде әр түрлі ағымда жүрген орта сол өзінің ағымына байланысты мағынамен аударып алады. Осыдан жастарымыз әр түрлі Құранның аудармасын оқып, түрлі ағымдарға кетіп жүргені сол. Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы Құранды қазақшаға аударып шығардық. Қазір елдің қолына таратып жатырмыз. Құдай қаласа таяуда Түрік Республикасына барып, аударған  Құран кітапты он мың, жиырма мың  данаға дейін көбейтіп, елдің қолына тегін таратпақпыз. Бәрі ақырындап болады. Барлық адамға, елге таратуға қаржылық жағынан қауқарымыз жетпейді.

Жүргізуші: Қазақ еліне айтқым келеді деген ой-пікіріңіз болса қазір айтуыңызға болады. 

Бас мүфти: Қазақта орынды айтылған мынадай сөз бар «Бағаламасаң бақ кетеді» деген. Бүгінгі таңның қадірін білуіміз керек. Ол үшін бір үлкен даналықтың  керегі жоқ. Мынау көршілес елде болып жатқан жайттарға қарап бүгінгі таңдағы еліміздің тыныштығына шүкір айтуымыз керек.  Егемендігімізді әр Қазақстанның азаматы алақанына салып баласындай  аялау керек. Бұл тыныштық бар жерде береке бар. Ынтымақ бар жерде ырыс бар. Дініміз осындай елде дамиды. Ата-бабамыз қатты айтса да рас айтқан. «Ораза намаз-тоқтықта» деді. Не үшін? Егер тыныштық болмаса, қандай ораза? Қандай намаз? Міне, Құдайға шүкір еліме айтатыным егемендігіміздің, тәуелсіздігіміздің қадірін білсек.

Жүргізуші: Ержан қажы естіген шығарсыз, тікелей эфирден де көрсетті Елбасы тыныштыққа,  ауызбіршілікке, ынтымақтастыққа үлкен мән беріп жатыр. Осыған байланысты біздің «Көзқарас» бағдарламасы шыққаннан соң осы мәселені көтересіздер ме?

Бас мүфти: Елбасының айтқан сөзіне байланысты әр уақытта Қазақстан мұсылмандар басқармасы  жұма күнгі уағыз-насихатқа  тақырып беріп отырамыз. Елбасының ата-ананы құрметтеу, жетім-жесірлерге қайырымдылық жасау   туралы жақсы көтерді. Бүкіл өңірлерге, ауылдың имамдарына ата-ана туралы айтыңдар дедік. Елбасымыздың қасиетті Ұлытауда діни ахуал туралы айтқаны бұл біздің имамдарға үлкен тағылым болды.  Осы жағдайда да имамдарымыз ел ішінде жақсы уағыздар айтып жатыр. Жалпы дін дұрыс болса, бұл мемлекеттің үлкен көмекшісі. Елдің тыныштықта болуына ұйытқы болады. Құдай қаласа біз осы мәселеде, осы салада аянбай еңбек етуге дайынбыз.

Жүргізуші: Әсерлі сұхбатыңызға рахмет.

  Сайтқа дайындаған: Мөлдір Қуандыққызы

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары