Пайғамбарымызға (с.ғ.с) салауат айтылып, Құран оқылған жерде Алланың нұры төгіледі.
Бүгін Аллаға шүкір деп айтайық, Балқаш қалалық мешітінде Жаратқан Иемізге құлшылық-ғибадатын жасап, жұма намазына қатысуға келген жамағат жағы әдеттегідей көп болды. Мешіттің бас имамы Асылхан қажы Рахымжанұлы мешітте жұма намазының алдында Мәуліт айының кірумен барша жамағатты құттықтап, бұл айда жасалған әрбір ізгілікті істің екі дүниедегі пайдасы турасында әсері мол уағыз жүргізді.
Жұма намазының алдында ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының Мәуліт мейрамына арналған құттықтауын жеткізді. Ары қарай алдғы уақыттта мерейлі Мәуліт мерекесіне арналған іс-шаралардың негізгі мақсатын баяндады. Сонымен бірге мешіттің бас имамы Асылхан қажы Рахымжанұлы, найб имам Айтқазин Рауан және «Балқаш Теміржолшылары мешітінің» бас имамы Медет Кұралұлы әуезді үнмен Мәулітті оқып, жамағатпен қатар салауат айтылды.
Бас имам Асылхан қажы: «Елімізге амандық, дінімізге қуат, Алла Тағала бiзге дiни бiрлiк, имандылық, салауаттылық, татулық берсiн! Отбасыларыңызға қуаныш, халқымыздың ынтымағын Алла Тағала ұзағынан сүйiндiрсін. Пайғамбарымыз(с.ғ.с) өсиет еткендей тазалық пен имандылықты ту етейiк», - деген ізгі тілектерін жолдап, дұға жасады.
Жұма намазының соңында мешіт атынан жамағатқа ҚМДБ шығарған «Тәпсір тұнығы» (30-пара) кітабы тарқатылып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүйікті жемісі құрманы мол етіп жамағатқа үлестірілді.
Мешітке келуші жамағат Бас мүфтиге, мешіттің бас имамына жалпы ұжымға дән риза екендерін жеткізіп, алғыстарын жаудырды.
Пікірлер