Көктемнің жаймашуақ күнінде асыл жандарға деген құрметімізді одан сайын арттырып, жақсы амалдарды жасауға жұмылдырған өкіл имам Өмірзақ Қазкенұлының бағытын басшылыққа алған №1-мешітінің ұжымы тағы бір қайырымды істі атқарды. «Жалпы және Жастар» бөлімінің мүшелері Қазбек би аудандық үйде әлеуметтік көмек көрсету орталығына қарасты қарттар үйінде қайырымды іс-шара ұйымдастырды. Қарт аналарымызға мерекелік көңіл-күй сыйлап, әннен шашу шашып, әрбір отбасына бір аптаға жететін азық-түлік сыйлады. «Құлақтан кіріп, бойды алар. Жақсы ән мен тәтті күй» демекші, қарт аналарымызға С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрында қазақ өнерінің жұлдыздарының қатысуымен өтетін концертке сатып алынған билеттерді тегін үлестірді. Бас имам Орманбет Болатұлы қарттардың көңілін сұрап, дария кеуде қариялармен сұхбаттасты. Қариялар да өз кезегінде ұйымшылдықпен келіп тұратын №1-мешітінің қызметкерлеріне ақ тілектерін айтты.
Қазақтың әйгілі жырауы, әрі батыры Ақтамберді Сарыұлы «Әй, азаматтар, шоралар» деген өлеңінде былай дейді:
Меккені іздеп не етесің,
Меккеге қашан жетесің?!
Әзір Мекке алдыңда,
Пейілмененен сыйласаң,
Атаң менен анаңды.
Ақын соншалықты мол қасиетке ие Мекке қаласына барудан да жоғары тұратын кез-келгеніміздің қолымыздан келетін бір іс – ата-анамызды шын пейілмен сыйлау екендігін өлеңмен өсиет етіп насихатқа қосқан. Елжіреген аналарымыздың жұмсақ жүрегіне қаяу түсірмей, олардың көңілін көтеріп, шынайы ықылас бөліп отыру – мұсылмандық және адамдық борышымыз. Бір күні ата-анамыздың, қарияларымыздың басқан ізін сүюге зар болатын күндер де болады. Сондықтан барында бағалап, қасыңда болғанда қадірлегенге не жетсін!
Қарағанды қалалық №1-мешітінің баспасөз қызметі
Пікірлер