Айтып келмейтін апатты жағдай - ақырындап ауыздықталуда. Ал, қызылсумен алысқан ағайынға еліміздің барлық аймағынан рухани қолдау көрсетіліп, гуманитарлық көмектер жөнелтіліп жатыр.
Су тасқынынан зардап шеккен елді-мекендердегі жерлестерімізге көмектесу мақсатымен Қарағанды облыстық орталық мешітінде «Қайырымдылық - ізгілік» атты акциясы жүргізілген болатын. Жақсылықта да, қиыншылықта да жұмыла көмекке келетін жамағат Осакаровака ауданына тұрмысқа қажетті деген заттарды жүкке тиеп, аудан орталығына жеткізді.
«Нұр-Мүбәрак» университеті, облыстық мешіт жамағаттары және қала тұрғындары атынан Оскаровка ауданына қарасты Қарағайлы, Николаевка ауылдарындағы тұрғындарға киім-кешектер, төсек-жабдықтар, ыдыс-аяқтар және азық-түліктер таратылды.
Өкіл имамның орынбасары, Қарағанды өңірі бойынша жалпы және жастар ісі бөлімінің жетекшісі Мерей Қанатұлы аудан имамы мен аудан әкімінің орынбасарымен жүздесіп, үйлерін су шайған тұрғындардың хал-ахуалын сұрап сұқбаттасты. Наиб имам уақытшалық қиындыққа тап болған ағайынға басу айтып, сабырлыққа шақырды.
Қарағанды облыстық орталық мешіті
Пікірлер