Ерен ерлердің ерліктері ешқашан ұмыт қалдырылмайды. Жер-Ана, Отаны үшін жан кешкен батырларымызды құрметтеу, ерліктерін дәріптеу бүгінгі өскелең ұрпақтың еншісінде. Осы ретте әрдайым сауапты да берекелі істі атқаруға асығатын Қарағанды қаласындағы «Зекет» қоры жеңістің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында жергілікті Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне ыстық ықыласпен сый-құрмет көрсетілді.
«Зекет» қорындағы атқарылған әрбір шаруа - ізеттілік пен жақсылыққа, мейрім, қуанышқа бағытталғанындай бұл жолғы шара да үлкен қуанышқа арналды. Қор басшысы әрі жетекшісі Базарбай Бабағалиев қаламыздағы соғысқа қатысқан ардагерлердің құтты шаңырақтарына барып, ұлық мерекемен арнайы құттықтады. Қастерлі Отанын, қасиетті жерін қорғауда барын салған М.Ақыбаев, А.Бекболатов, Х.Машранов, З. Билялов сынды ардагер-ақсақалдарымызбен салиқалы сұқбат жүргізіп, Отаны үшін соғыс майданынанда шейіт болғандардың рухына құран бағыштады. Сондай-ақ, батыр аталарымыздың өсіп келе жатқан ұрпақтары мен жақындарының өмірі ғұмырлы болуын, өсіп-өркендеуін тілесті. Оннан астам отбасыны аралаған Б.Базарбаев қор атынан әрбір отбасыға қажетті деген негізгі азық-түліктер мен бес мың теңгеден ақшалай сыйлық таратылды.
Еелдің ерен ерлері барлық уақыттарда халық сүйіспеншілігіне, алғыс-құрметіне әбден лайық. «Зекет» қоры жылдағы дәстүрмен биыл да батырларымызды ұмыт қалдырмай ізгілігін дәріптеді. Ардагерлер мерекемен құттықтап келген «Зекет» қорының басшысына және дін жолында жүрген барлық мұсылмандарға ақ батасын жайып, ыстық ықыластарын жеткізді.
Пікірлер