ҚМДБ-ның өкіл имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлының өңір имамдарына міндеттеген тапсырмаларының негізі насихат пен діни сауаттандыру тұрғысында болатын. Осы орайда дін насихатының пәрменділігін арттыру және діни түсініктердің көкжиегін кеңейту мақсатында №1-мешітте ҚМДБ-ға қарасты ресми сайттарда жарияланған өзекті мақалалар, сауалдар мен жауаптардан құрастырылған кітапшалар таратылды. «Бұл жайттарды халқымыздың білгені жөн» тақырыбымен бүктеме ретінде дайындалған кітапшада дін мен дәстүр сабақтастығы, қазақ халқының хадиспен үйлескен тыйымдары, мұсылмандық жерлеу рәсімдеріне қатысты қағидалар мен осы тақырыпта сұрақ-жауаптар, ысырапшылыққа жол бермеу сынды тақырыптар қамтылған. Бүктемелер бүгін қасиетті жұма күні мешітке келген бұқара халық пен жамағатқа таратылып, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Айта кету керек, бұған дейін орыс және қазақ тілдерінде төрт түрлі тақырыпта шығарылған кітапша бүгін бесінші рет халыққа үлестірілді. Ендігі шығарылым қасиетті рамазан айына қатысты дайындалу үстінде.
Қарағанды №1-мешітінің баспасөз қызметі
Пікірлер