Қадірі мен қасиеті мол Қадір түні кешінде Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Қанапияұлы Қарағанды облыстық орталық мешітінде жылдағы қалыптасқан игі дәстүрмен кең көлемде ауызашар өткізді. Молынан жайылған ақ дастарханға қаламыздағы қадірлі ақсақалдар мен ақ жаулықты аналарымыз, құрметті азаматтар, барлық мекеме қызметкерлері және арнайы қонаққа өзге діндердің өкілдері шақырылды.
Құран оқумен ашылған отырыстың басында ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы алғы сөз алып, мүбарак Рамазанмен барша жиналған көпшілікті құттықтап өтті. Берекеге толы бейбіт елімізде осылай облыс әкімі ұйымдастырған ауқымды ауызашар өтуі, бұқара халықты құрметпен қарсы алуы үлкен ізеттілік деп білген өкіл имам облыс әкімі Н.Қанапияұлына зор алғысын жеткізді. Ауызашар барысында белгілі дінтанушы Ризабек Батталұлы Рамазан тақырыбында әсерлі уағыздарын насихаттады.
Облыс әкімі, дін өкілдері жылы лебіздерін ақжарма тілектерін айтып, өз құттықтауларын жеткізді. Игілікті шара соңында «Қадір түні – қасиетті» аталымымен бейнеролик көрсетіліп, Хамза ақсақал барша жамағатқа ақ батасын жайды.
Қарағанды облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі
Пікірлер