Тілдік нұсқа
Радио

Жаңалықтар

БАЛХАШ: ОРАЗА АЙТ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
15 шілде, 2015 жыл 164 Басып шығару нұсқасы

 9991Айлардың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айы да аяқталып қалды. ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлының Рамазанға арналған тапсырмаларының негізінде Балқаш қалалық мешіті бірқатар шаруаларды ретімен атқарылуда.  Осы ретте Балқаш қаласында ай бойы Алланың разылығы үшін ашқұрсақ жүріп, көзді харамнан, құлақты өсек тыңдаудан, тілді ғайбат сөйлеуден тыйып, көңіл айдынын хақ дариясымен суарған халыққа ауызашар беріліп, игілікті істер атқарылды. Қаладағы жеке кәсіпкерлер мен ел тізгінін ұстаған қайраткерлер Балқаш қаласының мешітінде 150-170 адамға күнделікті ауызашар берді. Бас имам Асылхан қажы Түсіпбеков ауызашар берген барша бауырларға Алланың рақымына бөленсін деп өз ризашылығын білдіреді!


Алланың разылығы үшін ораза ұстаған жамағатты енді айт мерекесі күтіп тұр.  Пайғамбарымыз (с.а.у.) Ораза айт мерекесін алғаш рет хижраның екінші жылы (624 жылы) атап өткен. Бізге жеткен салих дереккөздерге қарағанда, Исламға дейін Мəдина халқы əрбір жылы екі күн ұлан-асыр той жасайтын болған. Меккеліктер: «Бұл қандай мереке?» — деп сұрағанда, мəдиналықтар: «Жаһилиет дəуірінен бері тойлап келе жатқан мерекеміз»,— деп жауап беретін. Бұны естіген Хақ Елшісі (с.а.у.): «Алла тағала сіздердің бұл мерекелеріңізді Фитр (ораза айты) мен Құрбан мерекесі етіп өзгертті»,— деп бұйырады. Осы хадистегі «Фитр мерекесін» Ислам ғұламалары отыз күнгі оразадан кейінгі Ораза айт мерекесі деп біледі. Осылайша, Алла Елшісі (с.а.у)-ның бастамасымен ескінің сарқыншағы жаңа илаһи екі мерекемен алмастырылған болатын.


Ораза айты — отыз күндік оразаны аман-есен аяқтағаннан кейін, бейне осыған шүкіршілік іспетті шуағы мол мереке. Дүйім жұрт дүркіретіп той жасап, дастарқан жайып, аста-төк ас беріп, бары мен нарын хақ жолына жұмсайтын бұл мерекемен барша отандастарымызды құттықтаймыз. Осы ретте, мұсылман бауырларды ғұсыл намазын алып, 2 ракаат айт намазын оқуға шақырамыз. Жалпы, отыз күнгі ораза мұсылмандарды тақуалыққа баулыса, айт күні ағайын-туыспен көрісіп, дос-жаранмен татулықты арттыратын сәт болмақ. Үлкенді-кішілі аға-ініні бауырмалдыққа итермелейтін күн десек артық етпес. Ораза айт мерекесімен ұлтымыздың мерейі тасып, бірлігі мен тірлігі арта берсін!



Кәусар Сабыр


 


Балқаш қаласы мешітінің баспасөз хатшысы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары