Қарағанды облыстық орталық мешітінде қасиетті мереке – Құрбан айтқа орай БАҚ-ның қатысуымен баспасөз жиыны өтті. Отырыста мұсылмандардың ұлық мейрамға дайындық шаралары пысықталды. Қарағанды өңірі мешіттерінің бас имамдары ұлы күннің мән-мағынасының жоғары екенін атап өтіп, барша мұсылман қауымына ортақ мерекеде өтетін іс -шараларымен таныстырды. Айт намазы қала мешіттерінде қыркүйектің 24-і таңғы сағат 7.40-та басталады. Барлық әлемнің жаратушысы Алла Тағалаға құлшылық еткеннен кейін айт мейрамында орындалатын ең сүйікті амал – құрбандық шалынады. Жылдағы әдет бойынша құрбан шалу рәсімі Гоголя көшесінің бойында орналасқан «Арай kz» ЖШС мал сою цехында өтеді. Сонымен қатар биылдан бастап Октябрь ауданына қарасты Көкбекті елді мекенінде де «Алтын сайлау» ет базарында құрбандыққа арналған орын дайындалуда. Сойылған мал еті жағдайы төмен отбасыларға, жетімдер, қарттар үйіне т.б топтағы мұқтаж жандарға үлестіріледі. Осы жылы әкімшілікке келіп түскен өтініштер 120-ға жуық. Ал, мешіт тарапына 1000-ға тарта әлеуеті төмен отбасылардан өтініш келіп түсті. Жылдан-жылға мәртебесі ұлықталып келе жатқан ұлы мерекенің екінші күні жұма намазынан кейін жалғасын табады. ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының жарық көрген «Дін мен дәстүр» атты ұлттық құндылықтар мен әдет-ғұрыптарын шариғатпен ұштастыра білген жинақтан кейін, дін мен дәстүр сабақтастығы жиі айтылып, діни мереке сайын ұлттық ойындар мен көнеден келе жатқан жәдігерлерімізді жандандыру үзілмес игі бастамаға айналды. Жылдағы дәстүрге сай облыстық орталық мешіттің алдында киіз үй тігіліп, ата-бабамыздан келе жатқан «күрес», «садақ ату», «кір тасын көтеру», «арқан тартыс» сияқты ұлттық ойындар өткізіледі. «Құрбан айт араб тілінен «жақындау» деген мағынаны бідіреді. Сондықтан да бұл күні барша мұсылман қауым бір-бірінен амандық сұрасып, ренжіскендер татуласып, сый-сыяпат жасап тұрғаны абзал»,- деді облыстық орталық мешіттің бірінші наиб имамы Құрманов Серік Амамбайұлы. Айтулы мейрамның мәртебесін биіктете түсу үшін отбасыларыңызға сыйлық жасап, балаларыңыздың көңілін тауып, мейрамның қадір-қасиетін кеңінен насихаттау керектігін де баса айтты.
Облыстық орталық мешіттің баспасөз қызметі
Пікірлер