Тыныштық пен тұрақтылықтың үлгісін көрсетіп отырған Қазақстан үшін ұлтаралық татулық пен бейбітшіліктің маңызы зор. Биыл 18 - ші қазанда тойланатын "Рухани келісім күні" де осы үрдісті нығайта түседі. Дінаралық татулықты ту еткен аталмыш мерекеде Қарағанды өңірінде көптеген шаралар өтуде. Солардың бірі Қарағанды экономикалық университетінде өткен кездесу. Оқу ордасы маңызы зор мерекеге орай дін істері басқармасы мен дәстүрлі діндер өкілдерінің басын қосып студенттермен кездесу ұйымдастырды. Аталыш шараға ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша өкіл имамы Бекқожа Өмірзақ қажы Қазкенұлы арнайы қатысып, мерекемен құттықтады. Жастарға асыл дініміздің құндылықтарын насихаттап, албыртқан жастықпен шалыс баспаңдар деп ақыл-кеңесін айтты. Бүгінгі күні көп жастар парқына бара бермейтін сыйластық, туыстық қатынасты бағалай білу, ата-ананы қадірлеудің дінде алатын орны айрықша екенін де ерекше атап өтті. «Бір шаңырақ астында бірнеше ұлыстар мен ұлт өкілдері тұрып жатқан қазақ елі үшін рухани келісім күнін атап өту орынды. Бұл мереке дінаралық татулықты нығайтып, көп ұлтты мемлекеттің өркендеуіне жол ашады. Рухани келісім күні 1992 жылдың 18-қазанында Алматыда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен Бірінші Бүкіләлімдік рухани келісім конгресі өткен күннен бастау алады. Президент тыныштық пен тұрақтылықты сақтауды жас мемлекетіміздің болашағы үшін маңызы зор екендігін өз жолдауларында: «Кез келген халықтың рухани мәдениетінің негізін бейбітшілікке, келісімге, әділдікке ұмтылу құрайды. Көп ұлтты қазақстандық мәдениетке тән рухани бастамаларды нығайту мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі», - деп көрсетеді. Өмірзақ қажы Қазкенұлы жастарға Қазақстан имамдар форумында бекітілген «Мұсылман тұғырнамасы» атты маңызы зор құжатпен танысытырып, мазмұндылығына тоқталды. Рухани келісім күніне орай кездесулер мен игі шаралар әлі де жалғасуда.
Қарағанды облыстық орталық мешітінің баспасөз қызметі
Пікірлер