Бұқар жырау ауданының бас имамы Аманбол Рымқұлұлы аудан перзентханасында «Жастар – ел болашағы» акциясы аясында жас мамандармен кездесу өткізді. Аталмыш акция ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша өкіл имамы Ө.Қ.Бекқожаның тапсырмасы болатын. Ауданның бас имамы оқуын аяқтап енді ғана жұмысына кіріскен, ақ халатты жандармен тілдесіп, жағдайларын біліп қайтты. Талай адамның өміріне араша болып, халықтың қамын жеп жүрген дәрігерлер қауымына жүктелген жүк жеңіл емес. Перзентхана дәрігерлері де бойына бала біткен аналарға қамқор болып, бауыр еті баласын бауырына құшуға қолғабыс болып жүргендер. Жас та болса, өз жұмысына аса жауапкершілікпен қарап жүрген неонотолог Гүлім Машенқызы мен акушер Айнұр Айтуғанқызына бас имам батасын беріп, қаржылай заттай сый-сияпаттар жасалды. Ислам дінінің құндылықтарын әспеттейтін әдемі әңгіме өрбіп, жас мамандар бас имамға алғыстарын білдірді.
Бұқар жырау ауданы мешітінің баспасөз қызметі
Пікірлер