Әлемге нұрын шашып кеткен Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дүниеге келген күн де жетті. Осы түнді алғашқылардың бірі болып күтіп алуға мешітіміздің имамдары мен ерлер жамағаты ерекше дайындалған. «Бала қажы» мешітінің бас имамы мешіт жамағатымен бірге Мүбәрак Мәуліт мерекесін қуана қарсы алды. Мерекеге орай Құран хатым етіліп, дастархан жайылды. «Мәуліт шариф» оқып, Алла Елшісіне (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) салауат айтылды. Имам Суютый тәпсір саласында беделді «Әл-Жәмиу ли ахкамиль-Құран» атты еңбектің авторы: «Менің пікірімше, адамдардың мәуліттің құрметіне жиналып Құран оқуы, Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарлығы, дүниеге келуі турасында әңгіме етуі, ысырапкершіліктен сақтанып ас ұсынуы Нәбиге (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) деген құрмет ретінде жасалған игі әрі сауапты іс және қуаныш», - деген. Мешітіміздің бас имамы Нұров Махмұт қажы мешіт имамдарына Мәуліт мерекесін кең көлемде насихаттауды тапсырды. Ал, наиб имамдар игі істерге себепкер болып, Пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мол салауат айтып, өмірбаянын, атқарған игі амалдарын халыққа жеткізуге белсене кірісіп кетті. Өйткені, Алла «Ахзаб» сүресінің 56-аятында: «Әлбете Алла да, Оның періштелері де пайғамбарға (Мұхаммедке) салауат (дұғасын) айтады. Ей, мүминдер! Сендер де Оған салауат және сәлем жолдаңдар» - деп бұйырған.
«Бала қажы» мешітінің баспасөз қызметі
Пікірлер