Тілдік нұсқа
Радио

Жаңалықтар

Мәуліт – мерейі үстем мереке!
24 желтоқсан, 2015 жыл 6 Басып шығару нұсқасы

ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша өкіл имамы


Өмірзақ қажы Қазкенұлы Бекқожа


Адамзат тарихындағы ең ұлы күндердің бірі – шапағат шамшырағы, екі дүниенің сардары Мұхаммед Мұстафа пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) дүние есігін ашқан күн. Бұл һижри санауы бойынша Рабиул-әууал айының 12-сі, дүйсенбінің түнінде болатын. Адамзаттың ардақтысы болған Расулуллаһтың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) туған күніне орай жылда Мәуліт мерекесі атап өту дәстүрге айналып, халықтың санасына сіңісіп келе жатыр.  Биыл Мәуліт мерекесі желтоқсанның 22-нен 23-не қараған түніне сәйкес келді. Мәуліт араб тілінен аударғанда «туылған күн» деген мағына береді. Бұл атау Алла Тағаланың ең сүйікті пендесі және пайғамбарлардың соңғысы әрі үстемі болған Мұхаммедтің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) дүниеге келуінің құрметіне берілген. Баршамызға үлгі болған, жаратылыстың гүлзәрі Алла елшісінің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) үмметі етіп жаратқанына Раббымызға сансыз шүкірлік етіп, Мұхаммед Мұстафаға (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) салауат айтып, Мәулітті мерекелеу игі істерден болмақ.


Әлем надандықтың тұңғиығына батып, жер бетін зұлымдық билей бастаған, адамдар барлық жаратылыстың иесі Алла Тағалаға иман келтірмей, үкіміне қарсы шыққан кезеңде Раббымыз Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаны (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) нәсіп етті. Қасиетті Құран Кәрімде айтылғандай «Біз сені рақым етіп қана жібердік» («Әнбия» сүресі, 106), Алла елшісі пайғамбарлығына сызат түсірмей, жаһанға ислам дінін паш етіп, жүректерге иман ұялата білді. Ол адамдарға мейірімділік пен рақымдылықтың дәнін еге білді.


Мүміннің көзінің нұры болған Пайғамбарымызға деген сүйіспеншілгімізді ояту немесе арттыра түсу үшін алдымен ол салып кеткен сара жол – сүннет жолын ұстанып, оның ахлақ мінезін айқындар, айтып кеткен өнегелі сөздеріне аса ыждаһаттылықпен көңіл бөліп, астарына үңіле білу әсте маңызды. Құранда: «Егер Алланы жақсы көрсеңдер менің ізіме еріңдер, сонда Алла Тағала сендерді жақсы көріп күнәларыңды кешіреді. Алла тағала өте кешірімді және аса рақымды –де!» («Азхаб» сүресі, 6-аят) – деп Раббымыз Өзі жіберген елшісіне (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бағынып, одан үлгі алуды әмір етті және адамзат үшін оның сауабы мол екенін де айтқан.


Құранда айтылғандай: «Алла елшісінің бойында сендер үшін керемет үлгілер бар» («Ахзаб» сүресі, 21).  Ол үлгілерді біреу байқаса, біреу байыбына бара бермес. Сондықтан да ұлық пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) жүріп өткен өнегелі өмірін халыққа барынша жеткізу міндет. Адамзаттың ардақтысын халыққа дұрыс танытып, сүйіспеншілігін тудыра алсақ, нұр үстіне нұр. Өкінішке қарай мен мұсылманмын деп жүрген кейбір бауырларымыз, жасы келген қарияларымыз Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) туралы бір ауыз айтар ойы жоқ, оның өнегелі өмірінен бейхабар. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін егемендік алғаннан бері, еңсемізді тіктеп, ислам құндылықтары кең насихатталып жатыр. «Мәуліт» мейрамы да соның бір көрінісі. Алланың қалауымен пайғамбар болған Хазреті Мұхаммедке (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сан мыңдаған салауаттар айтылып, екі дүние сардарын ұлықтайтын, рухани азық алар осынау діни мерекенің маңызы зор.  Жүнайд Бағдади (р.а) бұл туралы: «Кімде-кім пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) мәулітіне қатысып, оны ұлықтаса, ол шынында да иманды», - деген екен. Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) туылған күнінде жасалған қайсыбір жақсы істің қайырлы екенін Имам Науауи (р.а) былай келтіреді: «Жыл сайын пайғамбарымыздың туған күніне сәйкес келетін осы күндерде істелетін садақалар, амру-маъруф және адамдардың бойынан көрінетін көркем мінезділік пен қуанышты істер – заманымыздың ең жақсы жаңалығы».


Расулуллаһтың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) шексіз мейірімділігіне тәнті болмау мүмкін емес еді, иман-нұрға толы жүзіне , көркем мінезіне қарап таң қалғандар Алланы мойындап, исламға бет бұрды. Батыстың керемет деген данагөйлері мен ақын-жазушыларының өзі Мұхаммед Пайғамбардың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) жаратылысына таңданып, оған бас иген.


Неміс князі, саясаткері Отто Вон Бисмарк «Ей, Мұхаммед, сенің замандасың бола алмағаныма қатты өкінемін. Адамзат баласы сен секілді ғажап адамды бір-ақ рет көрді, ендігәрі көре алмас. Мен сенің алдыңда құрметпен бас ием» десе, ақын Томас Карлиль «Саған жапқан жаламыздың бәрі шындығында біз үшін ұят. Ол – жаны жайсаң, тұлғасы биік, барынша байсалды жан. Мақсаты – дүниені жарыққа бөлеу болды. Өйткені, мұны Жаратушының өзі оған бұйырған», - деді.


Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Қиямет күні маған адамдардың ең жақыны – маған көп салауат айтқандары» (Тирмизи, намаз 327), - деген еді. Тағы бір хадисте «Кімде-кім маған бір рет салауат айтса, Алла тағала оған он салауат айтады. Әрі он күнәсі кешіріліп, дәрежесі он есе көтеріледі» (Тирмизи). Сондықтан да Пайғамбарымызға жақын болғымыз келсе оған салауат айтып, сауаптарға кенелуге жазсын!

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары