Тілдік нұсқа
Радио

Жаңалықтар

Лаңкестікке жол бермейік
14 қаңтар, 2016 жыл 8 Басып шығару нұсқасы
         IMG_3766 IMG_3773 IMG_3771Өткен аптада Шахтинск қалалық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен мұсылмандардың «Нұр» мешіті имамадары тарапынан жастармен кездесу өткізілді. Бүгінгі таңда еліміздің барлық аймағында 2020 жылға дейін жастарға діни білім беру тұжырымдамасының мақсатын жеткізуде насихат топтарының жұмысы жандануда. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2020 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы бойынша өткізілген кездесуге Шахан кентіндегі мектептердің жоғары сынып оқушылары және Шахтинск технологиялық колледжінің студенттері қатыстырылды. Соңғы уақытта радикалды ағым өкілдерінің бүлік шығаруымен Сирияда жүріп жатқан соғысқа еліміздің түрлі аймағынан Қазақстан азаматтарының қатарында жастардың да жасырын  кетіп жатқаны сыр емес. Осы күнге шейін 350 – ден астам қазақстандық сауатсыздығының арқасында жат елде өлім құшып, өз болашақтарына балта шабуда.

Жат ағымдардың құрбаны болып жатқандардың басым көпшілігі келешегінен үміт күттіретін ел жастары екен. Тіпті олардың қатарында жас ұрпаққа тиянақты тәлім- тәрбие беріп, жас жеткіншектердің кемел, салауатты азамат болып қалыптасуына тер төгіп жүрген, білім беру саласының дамуына сүбелі үлес қосып, алғыс арқалаған ұстаздар да жоқ емес. Әлеуметтік желілерді жаулап алған радикалды діннің әсері соншалық, ислам дінінің атын жамылған, шариғаттарды бұрмалаған өкілдері жұмыр жердің әр түкпірінде отырып сиқырлы уағыздарымен, насихаттарымен саналарды улап, әлеуеті әлсіздерді өз құрығына ілдіріп әкетуде.

Сондықтан қоғамға, елге қауіп-қатер төндірген жат діни ағымдардың құрбаны болмауға баулитын, ислам дінінің дұрыс бағытын танытатын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2020 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасының берері мол. Қаламыз мешітінің имамдары Нұрғали Байкешов пен Әсет Ибраев колледж және мектеп жастарына қазіргі діни жағдайы және тұжырымдаманың мақсаты мен міндеттері жайында ой толғап, діни экстремиз мен терроризм төңірегінде тұщымды пікірлерін жеткізіп, өзекті мәселелерді көтерді.

Тұжырымдама ел аумағындағы мешіттерде діни-ағартушылық жұмыстарының сапалы, тұрақты және тиімді қызмет көрсетуіне мүмкіндік туғызады. Кездесу барысында имамдарымыз жас жеткіншектерге діни білім алуда жеке азаматтардан емес, мешіттің өкілдерінен, имамдарынан білім алуға кеңестерін берді. Теріс ағымдарды насихаттайтын әлеуметтік желілердегі сайттарға кірмеуге, мақсаты лаңкестікке әкеп соғатын оқулықтар мен кітаптардан абай болуға шақырды.

Ашық диалог түрінде жүргізілген кездесуде имамдарымыз жастарға «Сирияда жүріп жатқан соғысқа еліміздің азаматтары жасырын не үшін кетіп жатыр?» деген сауал берілді. Сауалға жастардың бірі жиһад жасау үшін десе, енді бірі ақша үшін деп жауап берді. Дегенмен, Шам қаласына кетіп жатқан азаматтардың көпішілігі діни сауатының жоқтығынан, жалған уағыздар мен насихаттарға құмдай құлап, «Сирияда нағыз мұсылман болымыз, ислам мемлекетін құруға атсалысамыз, мұсылман бауырларымызға қол ұшын береміз», тағы басқа себептермен ел асып жатыр. Бірақ, ақиқатында ислам дінімізді дұрыс тани білмеген қандастарымыз жат елде жылап-еңіреп, елге қайтудың амалын таппай, содырлардың алдауына түсіп қалып, жазықсыз адамдарды өлтіріп, қолын қанға бұлғауда.

Имамдарымыз жастарға лаңкестікке жол бермеу тақырыбымен қатар, толеранттық және конфессияаралық татулық жайында да қажетті ақпараттар беріп, имандылық, әдептілік, сондай-ақ, мәдениет туралы әңгімелер айтып, кездесуді дискуссиялық сабаққа ұластырды.

А.Тұржанов, Шахтинск қаласы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары