Тілдік нұсқа
Радио

Жаңалықтар

Нұр-Мүбарак университетінде 101 имам сертификат алды
18 қаңтар, 2016 жыл 14 Басып шығару нұсқасы

Нұр-Мүбарак университетінде Республикалық имамдардың білімін жетілдіру курсына еліміздің түкпір-түкпірінен келген 101 имамға арнайы сертификат берілді.  Маңызды шараға Қазақстан  Мұсылмандары діни басқармасының наиб мүфтиі Серік қажы Ораз мырза арнайы келіп, 10 күн бойы білікті ғалым-ұстаздардан дәріс алған имамдарға сертификатты өзі жеке-жеке тапсырды.


«Бұл  еліміздегі имамдардың әлеуетін көтеруде үлкен жаңалық, жақсы бастама. Сондықтан он күн бойы имамдардың уақытын пайдалы біліммен  ұштастырған Нұр-Мүбарак университеті басшылығына ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мфти Ержан қажы Малғажыұлының арнайы алғысын жеткізгім келеді»,-деген наиб мүфти Серік қажы Ораз дініміз бен ұлттық дәстүрімізді құрметтеу мақсатында биыл тарихты безбендеудің сәті келгеніне тоқталды.


«Біз қандай қиын қыстау заманда да дінімізді тастамаған, имандылықтан ажырамаған елміз. Мыңдаған жыл бойы ислам дінін ұстанғанымызды дәріптеу  үшін  биылғы жылды «Тарих тағылымы» деп атап, ең білікті, тек дінмен ғана шектелмей, заманға сай қоғамдағы жаңалықтарды меңгерген белсенді  «имамдар тобын»  құрғымыз келеді. Бәлкім араларыңнан  сол  500  имамның қатарына кіретін жандар да болып қалар. Себебі имам  тәулігіне 24 саған діннің, елдің қызметінде болу керек. Өйткені біз Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мирасын арқалап жүрміз. Бұл өте үлкен мәртебе»,-деген Серік қажы Ораз діни басқарманың салмақты жобалары мен мақсаттарын екшеп, имамдардың да қызметінің маңыздылығын пысықтап өтті.


Ал еліміздегі мешіттерде қызмет ететін 4 мыңдай  имам әр үш жыл сайын білімін жетілдіріп отыру керектігін айтқан Нұр-Мүбарак университетінің проректоры, профессор Шамшәдин Керім мырза еліміздегі ислам білімінің тарихи құндылықтар мен бүгінгі қоғам өзгешеліктерін ескерген жаңа үлгісі қалыптаса бастағанын атап өтті. Нұр-Мүбарак университеті  қашанда діни білім беру жолында дайын, келесі мұндай курс тамыз айына жоспарланып отырғанын хабарлады.


Ал «Білікті ұстаздардан білім алған 10 күнім 10 жылға татиды» деген курсқа қатысушы ақсақал имам ҚМДБ-сы мен Нұр-Мүбарак университетіне ерекше алғысын жаудырды. «Бұрын жастарға имамдық оқуға барыңдар, Нұр-Мүбаракқа барыңдар десек, енді ол университеттің қабырғасынан біз де білім алдық, ұстаздары, жатақханасы, ғимараты, кітапханасы туралы мақтанышпен айта алатын болдық»-деп ағынан жарылды.


Өздеріңізге белгілі ҚМДБ-сы өткен жылы тұңғыш имамдар форумын өткізіп, бірнеше маңызды құжаттар қабылдаған болатын. ТМД елдерінде тұңғыш қолға алынған мұндай қазақы бастаманың маңыздылығын көрші Ресей  өздеріне үлгі тұтып, тәжірибелеріне енгізбек. Бұл жөнінде наиб мүфти Серік қажы Ораздың бүгінгі жиында сөйлеген сөзінен хабардар болдық.


Айша Кеңесбай,
Нұр-Мүбәрак университетінің баспасөз қызметі


[gallery link="file" ids="22024,22025,22026,22027,22028,22029"]

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары