Қарағанды облыстық орталық мешітінде қыздар жиналысы өтті. ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы мешіттен діни ілім алып жүрген қыз шәкірттермен жүздесті. Жастардың жүгін арқалап жүрген «Жастар ісі» бөлімінің өкілі Нұржігіт Оразалыұлы қыздардың басын қосып, жинаудағы мақсат нәзік жандылардың да қоғамда алатын рөлінің бөлек екенін көрсетіп, қоғамдық жұмыстарды белсене, біріге отыра атқару дейді. Ол өз сөзінде «Қазақ халқы ертеден қыз бала – ертеңгі болашақ ана, ұлт тәрбиешісі деп ерекше құрметпен қараған. Сондықтан да ер балаларды ғана қоғамдық жұмысқа араластырып, қыздарға көңіл бөлмеу қателік болады», – дейді. Керісінше, исламды жетік меңгерген қыз бала болашақта ибалы келін, адал жар, асыл ана болып, отбасының ұйытқысы болатынын айтты. Осы мақсатта қаланың барлық мешіттеріне келіп жүрген қыздармен біріге отыра ұйым құрып, бар ынта-жігермен жұмыс істеуді жолға қойды. Сонымен қатар «Нұрлы білім» қоғамдық бірлестік төрағасының орынбасары, дінтанушы Рүстем Мәлікұлы қыздарға пайдалы уағыз айтып, Қарағанды мешіттерінің қыз шәкірттеріне арнайы ақида сабағы жүретінін мәлімдеді. Енді, діни наным-сенім бойынша тереңдетіп оқимын деушілерге мүмкіндік бар.
Өкіл имам бұл жиналыс келешектегі ауқымды іс-шаралардың бастауына себеп болады деп, нәзік жандыларға ақ батасын берді.
Пікірлер