Тілдік нұсқа
Радио

Жаңалықтар

Намазxаналар қоғамдық орындарда қайта ашылады
02 сәуір, 2017 жыл 138 Басып шығару нұсқасы

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі ғибадат ету бөлмелері (намазхана) мен діни әдебиеттер сататын кітап дүкендеріне қойылатын талаптарды қайта қарап шықты, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Дін істері комитетіне сілтеме жасап. Ресми мәліметке сәйкес, комитет діндар азаматтар мен сарапшы мамандардың ой-пікірлерін ескере отырып, ғибадат ету үйлері мен діни әдебиеттер сатылатын үй-жайлардың орналасуына арналған нұсқаулықтың жаңа редакциясын әзірледі. "Нұсқаулықтағы түбегейлі жаңалық ретінде осындай үй-жайлардың мемлекеттік ұйымдар мен мекемелерден 300 метрден кем емес қашықтықта орналасуына қойылған бұрынғы тыйым күшінің жойылғанын айта кету керек. Мұндай талап бүгінгі елді мекендердің орналасу ерекшеліктеріне жауап бере алмайды. Нұсқаулықтың жаңа редакциясында темір жол және автовокзалдарда, әуежайлар мен порттарда, яғни адамдар еріксіз түрде ұзақ уақыт болатын орындарда діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайларды ашуға қойылған тыйым алынып тасталды", - делінген xабарламада. Алайда 300 метр бойынша шектеулер білім беру мекемелеріне қатысты күшінде қалды. Аталған талап рухани (діни) білім беру ұйымдарына қатысты қолданылмайды. Осы ретте, ғибадат ету бөлмелерін ашу кезінде белгілі бір талаптарды сақтау қажеттігін ерекше атап өткен жөн. Мысалы, діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайлар дәрет алу үшін қажетті санитарлық тораппен қамтамасыз етілуі тиіс және жалпы алғанда Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай болуы шарт. Аталған талаптар ғибадат ету рәсімдерін орындау кезінде қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында енгізіліп отыр. "Нұсқаулық жобасында қолданыстағы заңнамаға сәйкес нысанның меншік иесінің  үй-жайдағы санитарлық, өрт және басқа қауіпсіздіктер үшін жауап беретіндігі көрсетілген. Тиісті нормативтік құжат келісу процесінен өткен соң ғибадат ету бөлмелері, соның ішінде намазханалар, жаңа жағдайда жұмыс істейтін болады. Діндарлар үшін мұндай үй-жайларда ғибадат ету рәсімдері қауіпсіз және барынша қолайлы жағдайларда орындау мүмкіндіктерімен қамтамасыз етілетін болады. Жалпы алғанда, ғибадат ету бөлмелерін ашу туралы шешім осы нысандардың меншік иелері тарапынан қабылданатын болады", - дейді мамандар.   

Арман Асқаров

inform.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары