Тілдік нұсқа
Радио

Жаңалықтар

АСТАНАДА ІІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ИМАМДАР ФОРУМЫ ӨТТІ
19 сәуір, 2017 жыл 438 Басып шығару нұсқасы

Бүгін Астана қаласындағы «Бейбітшілік және келісім» сарайында «Ислам және өркениет» тақырыбына арналған ІІ Республикалық имамдар форумы болып өтті. Егемен еліміздің түкпір-түкпірінен 500 имам жиналды. Форумға ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төраға орынбасары Дархан Қамзабекұлы бастаған мемлекет және қоғам қайраткерлері мен Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия елдерінің бас мүфтилері, Ресейдің Омбы, Алтай аймағының мүфтилері, зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, дінтанушылар қатысып, игі бастамаға орай оң пікірлерін білдіріп, баяндама жасады.

Осымен екінші мәрте ұйымдастырылып отырған Республикалық имамдар форумы асыл дініміздің дамуына тың серпін беріп, жаңа белестерге жетелері сөзсіз. «Кеңесіп пішкен тонның келте болмайтынын» ескерсек, бүгінгі бірегей басқосудың да бағасы тым ерекше. Дін саласындағы жұмыстарды оңтайландырып, тиімді жүйе қалыптастырудағы маңыздылығы да ұшан-теңіз.

Осыдан екі жыл бұрын еліміз бойынша тұңғыш рет өткізілген Республикалық имамдар форумында ҚМДБ-ның жұмыс бағытын айқындап, бағдарын межелеген төрт бірдей құжат қабылданған болатын. «Қазақстан мұсылмандарының Тұғырнамасы», «Мұсылманның тұлғалық бейнесі», «Имамның тұлғалық келбеті», «ҚМДБ қызметкерінің этикасы» деп бұл тарихи құжаттар сол форум аясында бірауыздан қабылданып, содан бері асыл дініміздің дамуына лайықты үлес қосып келеді. Осы құжаттар негізінде еліміздегі дін қызметкерлерінің білімі мен біліктілігі, әдебі мен мәдениеттілігінің жаңа идеалы қалыптасып, мұсылман жамағатының жарқын бейнесі сомдала бастаған болатын.

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы да өз баяндамасында діни басқарма алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі – қазіргі заман талабына лайықты имам дайындау екенін айта келіп, «Үздік зияткер имам» тұжырымдамасын – дін қызметкерлерінің беделі мен білімін арттыру бағытындағы бірегей қадам деп бағалады.

«Қабылданғалы тұрған Тұжырымдамада дін қызметкерлерінің, яғни Бас имам, наиб имам, ұстаз, молда, азаншылардың лауазымдық міндеті мен мәртебесі айқындалды. Бұдан былай дін мамандары жоғары лауазымды қызметтерге кезең-кезеңімен сатылап тағайындалатын болады.

Өйткені, имам қызметі тек бес уақыт намазға имамдық етумен шектелмейді. Имамның уағыз айту, діни рәсімдерді атқару, мешітке келген әрбір жамағаттың сұрағына жауап беру, рухани іс-шараларды ұйымдастыру сынды өзіне жүктелген жауапкершілігі жоғары мол жұмыстары бар.

«ХХІ ғасырдың үздік зияткер имамы» атты құжаттың басты мақсаты – ХХІ ғасырдың имамдарын заман талабына сай жан-жақты білімді, білікті, зайырлылық принциптерді ұстану жағынан басқа жамағатқа үлгі ету. Сонымен қатар, бұл Тұжырымдама еліміздің мұсылмандарын бірлікке, татулыққа шақырып, халықты ұлтымыздың әдет-ғұрыптарын сыйлауға, зайырлылық принциптерді ұстануға, діни экстремизм мен терроризмнің кез келген түріне төзбеушілікке үндейді», – деп атап өтті Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жұмыс үдерісін жаңа белестерге көтерген бұл тарихи құжаттардың заңды жалғасы ретінде бүгінгі ІІ Республикалық имамдар форумында екі бірдей тарихи құжат талқыланып, қатысушылардың бірауыздан мақұлдауына ие болды. ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Серікбай қажы Ораз форумға қатысушыларға «ҮЗДІК ЗИЯТКЕР ИМАМ» тұжырымдамасын таныстырып, бірегей құжаттың берер пайдасы мен тигізер көмегі жайында кеңінен түсіндіріп өтті. Ел аумағындағы мешіттерде діни білімі мен біліктілігі жоғары, жасампаз, діни мәселелерді үйлестіруді шебер меңгерген үлгілі, іскер, ағартушы мамандар қалыптастыруға негізгі тірек болатын құжат жайында өзге де қонақтар оң пікірлерін білдіріп, форум жұмысына ниеттестіктерін жеткізді. Айта кетейік, «Үздік зияткер имам» тұжырымдамасы дін саласындағы қызметкерлердің мансаптық тағайындауларына тың тәртіп енгізетін болмақ.

ІІ Республикалық имамдар форумында қабылданған келесі құжат – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұстанымын айқындайтын «Ханафи мәзһабы мен Матуриди сенім мектебі –  Қазақстандағы Исламның дәстүрлі жолы».Аталмыш құжатты форум қонақтарына ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, «Нұр Астана» Орталық мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы таныстырды. Бұл құжаттарды қабылдаудағы негізгі мақсат – бүгінгі ХХІ ғасыр талабына жауап беретін білімді, тәжірибелі, бірнеше мамандықты меңгерген білімі жан-жақты имамдар тобын қалыптастыру, сонымен қатар дәстүрлі мәзһабымыз – Әбу Ханифа мәзһабын жалпы халық арасында, әсіресе жастар арасында көбірек насихаттау болып табылады.

Форум аясында қатысушыларға ҚМДБ-ның былтырғы жылы атқарған іргелі істеріне шолу жасалып, арнайы бейне фильм де көрсетілді. Қазіргі уақытта ҚМДБ тарапынан бекітілген төрт жұмыс бағыты бойынша атқарылған ауқымды шаралар нақты деректермен өрнектеліп, алдағы жұмыс жоспары да қоса айтылды.

Басқосу соңында «Ислам және Өркениет» атты ІІ Республикалық имамдар форумының арнайы үндеуі қабылданды.  

 

ҚМДБ бАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары