Тілдік нұсқа
Радио

Жаңалықтар

Қарағандыда «Жастар ісі» секторының жанынан ашылған «Шарапат» ұйымының ашылу салтанаты өтті (фото)
25 ақпан, 2019 жыл 172 Басып шығару нұсқасы

Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінде ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша «Жастар ісі» секторының жанынан ашылған «Шарапат» ұйымының ашылу салтанаты болып өтті. Ұйымның ашылу салтанатында ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Бекқожа қатысып, жастарға өзінің ізгі тілегін жеткізіп, батасын беріп, құттықтау сөзін жеткізді.  «Жастар ісі»  секторының өкілі, әрі «Шарапат» ұйымының жетекшісі Мұсабеков Нұржігіт Оразалыұлының айтуынша аталмыш жастар ұйымы алдағы уақытта әртүрлі ізгі шаралар атқарып, қоғаммен тығыз байланыс орнатуды жоспарға алып отыр. Екі дүние Сардары Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыз: «Қайсыбір мұсылман өзінің бауырына көмектессе, Алла оған көмектеседі» деген. Қоғамдағы жақсылық адамдардың бір-біріне деген махаббатынан қалыптасатынын ұмытпауымыз керек. Таныс-бейтанысқа бауырындай қарайтын адам өзін ғана емес, ізгі амалымен өзгені де тәрбиелейді.

Ұйымда ЖОО-да білім алып жатқан жүзге жуық  оқу белсенділері бар. Олардың әрқайсысы елім деп ет жүрегі елжіреп, жақсылық жасауды өзіне мақсат етіп отыр.

«Арыстандай айбатты,
 Жолбарыстай қайратты –
Қырандай күштi қанатты.
Мен жастарға сенемiн!»- деген
Мағжан Жұмабаев ағамыздың жастарға жалын берген өлең жолдарын ұран еткен «Шарапат» ұйымы алдарына бірнеше мақсат пен мұрат қойды. Атап айтқанда аталмыш ұйым арқылы ұлттық сана сезімі оянған, рухани дәрежесіне тән иманды, ибалы, үлкенге құрмет, кішіге ізет, бойында игі қасиеттері мол қалыптасқан  тұлғаны тәрбиелеу болып табылады. Қасиетті Құран Кәрімде: «Жақсылық жасауда өзара жарысыңдар!» («Бақара» сүресі, 148 аят) — делінген.  Ұйымның негізгі ұстанымы да жақсылыққа жол бастап, хайырлы істердің көптеп орын алуына себепші болу. Атап айтқанда:

  1. Көмек сұраған жандарға қолдан келгенше қолдау көрсету;
  2. Жүректерге жол таба білу;
  3. Халыққа адал еңбек ету, адалдықты ту ету.

Ұйым мүшелері үш нәрсені үнемі жандарында ұстап, сол бойынша ізгілікке жол бастамақшы. Бұл үш нәрсе: өзіңді құрметтеу, өзгелерді құрметтеу және өз жасаған әрекетіңе жауап бере білу. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шапағат етіңдер, сауап аласыңдар» деп айтқан.

Ұйым мүшелері бүгінгі өткен ашылу салтанатын асыға күтіп, алдағы уақытта жоспарланып отырған шараларға бір ауыздан білек сыбана кірісіп те кетті. Қасиетті Құран Кәрімде «Жақсылық» сөзі 50 жерде кездеседі. Демек, жақсылық адамды Аллаға жақындатады. Жаратқан Иеміз алдағы уақытта осы «Шарапат» ұйымы арқылы сауапты һәм хайырлы істерді жүзеге асыруды нәсіп етсін!

Жүректері елім деп соққан жастарымыздың қатары көбейе бергей, әмин!

ҚМДБ-ның қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары