Тілдік нұсқа
Радио

Жаңалықтар

Сәтбаев қалалық «Балмағанбет Балқыбайұлы» мешітінде Ұлыстың ұлы күні ұлықталды
18 наурыз, 2021 жыл 419 Басып шығару нұсқасы

Аллаға сансыз шүкір, ұлыстың ұлы күні болған әз Наурыз мерекесі де келіп жетті. Күллі Шығыс әлемі үшін «Жаңа жыл» саналатын Наурыз – бірлік берекенің, шаттықтың, қуаныштың мейрамы, қаһарлы қыстан мысқалдап шыққан халықтың жанын жадыратар Көктем мерекесі.

Төл мерекеміздің қарсаңында Қарағанды облыстық «Әйел-қыздар» секторының Сәтбаев қаласы бойынша жауапты маманы Рахима Талипбекованың ұйымдастыруымен  ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін мерекелік іс-шара өтті. Шара Сәтбаев қалалық «Балмағанбет Балқыбайұлы» мешітінде жоғары деңгейде аталып өтті. Алдымен, Алланың кәламы болған қасиетті Құран-Кәрімді оқумен басталып, мешітіміздің бас имамы Қондыбай Серікпайұлының лебізімен жалғасын тапты. Бас имам өз сөзінде: «Әз-Наурыз – халықтың бірлігін нықтап, берекесін кіргізер, көңілін үстем қылар шынайы жылдың басы, Алланың ақ дініне ешқандай қайшылығы жоқ ұлттық нақышымыз. Ендеше, бұл ұлық мерекеге бір сәт өзгенің көзілдірігімен емес, өз көзімізбен қарап, салт-дәстүрдің даналығын терең сезінейік» - деп ағынан жарылды.

Ұлттық дүниетанымымызды танытқан шара барысында салт-дәстүрлеріміз ардақталып, мирасымыз болған жыр-термелеріміз насихат тапты. Ардақты аналарымыз бен аяулы әпке-қарындастарымыз ұлттық киімдер көрмесін көрсетіп, «наурыз көже» таратылып, соңында қамыр жаюдан келіндер сайысы болды. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», - демекші, «Қазақмыс» корпорациясының «Кәсіпқорған» кәсіподағымен бірлесе отырып жағдайы төмен, көпбалалы отбасылардан 20 кісіге қайырымдылық көрсетілді.

«Жер бетіне жақсылық ұялаған күн», «көк құт (өсімдік) көзін ашқан күн», «Жер-Ананың тоң кеудесі жібіп, тас емшегі иіген күн», «Самарқанның көк тасы еріген күн» тәрізді бейнелі сөз оралымдары сақталған әз-Наурыз мейрамымыз баршамызға оң болсын!

ҚМДБ – Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі

 

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары