«ӘНЕТ БАБА» МЕШІТІНДЕ ҚАРТТАР КҮНІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Қазақ қариясын сыйлаған халық. Қарты бар үйдің қазынасы бар, - деген. Ақсақалдарды төрге шығарып, бата сұраған. Ақындар жырына қосып, амандығын тілеген. Осындай өнегелі ұрпақ қарттарға арнап арнайы күн белгілеп, дәл осы мерекеде әдеттегіден де ерекше құрмет көрсетуді әдетке айналдырғаны белгілі. 1-қазан – Дүниежүзілік қарттар күні деп белгіленгеннен бері елімізде жыл сайын осы күн кеңінен аталып өтіліп, қарияларымызға құрмет көрсетіліп келеді. Айтулы мерекеде Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті де игі шара ұйымдастырып, қарияларға қуаныш сыйлауды дәстүрге айналдырған. Бүгін  де мешіттің ардақты ақсақалдарын ұлықтап, мерекелі дастархан жайылып, рухани шара болып өтті. Рухани шара «Зекет және қайырымдылық» қорының, «Қамқор-Шарапат» салттық қызмет көрсету орталығының жауапты маманы Бақдаулет Қыдырбайұлының бірлесе ұйымдастыруымен жүзеге асты. Шара барысында  ҚМДБ-ның Қарағанды облысының бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы сөз алып, ардақты  қарттарды мерекелерімен құттықтап, еңбектің зейнетін көріп отырған шақта әр ұрпаққа игілік пен ізгіліктің, пайым-парасаттың үлгісін танытқаны үшін алғысын білдірді. Сондай-ақ, зейнетке шықса да қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, өсіп келе жатқан жастарды тәрбиелеуде зор үлес қосып келе жатқан қарияларға сый-сияпат жасады.
          Берекелі дастархан барысында өмірден озған  марқұмдардың, үзеңгілес әріптестерін еске алып, әруақтарына құран бағыштады.    Шарада күй шертіліп, сыйлықтар табысталды. Осындай құрметке бөленген ардақты қарияларда Өздерінің алғыстарын жеткізіп, ризашылықтарын білдірді.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін