ҚМДБ қызметкерлері Түркия Ғұламалар Кеңесі мүшелерімен кездесті (ФОТО)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Бөлім басшыларының Түркияға ресми сапары барысында Ғұламалар Кеңесінің жұмысымен танысып, ортақ діни мәселелерді талқылады.

Түркия Дін істері министрлігі жанындағы Шариғат және пәтуа бөлімінің басшысы, доктор Екрем Келеш қонақтарға Кеңес жұмысын баяндап, ғалымдармен таныстырды. Ол Кеңес құрамына 16 ғалым мүше екендігін атап өтті.

«Ғалымдарымыз бір жылда 50-60 мың адамның сұрақтарына жауап беріп, маңызды пәтуалар шығарады. Бұдан бөлек телефон, хат арқылы сауал жолдайтындар, арнайы келіп сұрағын қоятындар болады. Олардың бәріне жауап береміз», – деді Екрем Келеш.

Өз кезегінде сөз алған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар Кеңесінің мүшелері – Сансызбай Шоқанов пен Ғылымбек Мәжиев осы саладағы игі іс-шаралар туралы әңгімелеп берді.

«Біздің де Ғұламалар Кеңесінде 16 ғалым жұмыс істейді. Тоқсан сайын тұрақты отырысы өтеді. Кеңес қоғамдағы маңызды діни мәселелер төңірегінде пәтуалар шығарады. Өткен жылы Бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен www.fatua.kz сайтын аштық. Халқымыз сайт арқылы қажетті пәтуаларын алуда. Жыл соңында шығарылған пәтуаларды бір кітапқа жинақтап, оны жамағатымызға таратымыз», – деді ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы.

Кездесу барысында екі елдің ғалымдары қазіргі жағдайда туындаған мәселелер, атап айтқанда, ажырасу үкімі, халал стандарт жүйесі, жастарды жат ағымнан сақтау сынды тақырыптар төңірегінде пікір алмасты.

Екрем Келеш екі жақты әріптестік байланысты арттыра түсу үшін Қазақстан Ғұламалар Кеңесі мүшелерін Түркияға ресми сапарға шақырды.

muftyat.kz

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін