Тегін құрма таратылды

Балқаш қаласының орталық мешітінің бас имамы Төлтаев Ербол Мұқанұлы жұртшылыққа қасиетті Рамазан айын сүйіншіледі. Мешіт имамдары қалалық базар алдында көпшілікке құрма және ораза кестесін таратты. Мақсат біреу – мұсылман жұртын рамазан айымен құттықтап, ораза тұтуға шақыру. Осы айдың қасиетін паш ету ниетімен жамағатқа 400 қорап құрма тегін таратылды. Имамдардың базар алдында жар салып, мың айдан да һайырлы Рамазан айымен құттықтап, құрма таратып тұрғанына таң қалған тұрғындар да болды. Жүректеріне қуаныш ұялап, ауыз бекітуге ниет етіп кеткендер де табылды. Қалада алғаш рет орын алған бұл шара өз жемісін беріп те үлгергендей. Мешітке жамағат лық толып, тарауих намазын оқуға келетіндер саны да жылдағыдан екі есеге артып отыр. Алланың жарылқауымен ауыз бекіткен жандардың дұға-тілектері мен амалдары қабыл болып, құлшылықтарын сауаптан жазғай деп тілейміз! 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін