АДАМДЫ АЗАПТАУ НЕМЕСЕ «ДАЛАДАҒЫ ТАМҰҚ» (ФОТО)

Қарағанды облысына барған сапарымызда 2016 – «Дін және тарих тағылымы» жылы аясында қалаға тақау маңда орналасқан әйгілі Карлагта (Қарағанды еңбекпен түзеу лагері) болдық.

Тарихшылар Карлагты сталиндік қуғын-сүргіннің азалы тарихы деп бағалайды. Тіпті, оны «Даладағы тамұқ» деп те атайды. Карлагта болғанымызда бұған көзіміз жетті...

Бізді тебіренткен тұс – қой бағып жүріп, оның екі-үшеуін қасқырға жегізіп алғаны үшін қазақ әйелдерінің көпшіліктің көзінше атылуы. Қойдың құны адамнан жоғары болғаны ғой...

Тегін жұмыс істеген тұтқындар арасында қарапайым адамнан бастап, әртүрлі саладағы әлемнің әйгілі тұлғаларына дейін бар. Кейбір тарихшылар тұтқындардың 90 пайызға жуығы қазақтар болған деседі. Тарихи деректерде 1932 жылы Карлагта 22 мың адам тіркелгені айтылады.

Тұжырымдап, тура тұсын айтқанда, пендені адам айтқысыз жәбірлеудің түрлі «әдісін» көзбен көргенде көңіліміз көпке дейін тыншымады. Адамға айуан шабуыл жасаса – түк емес. Адамға адам зұлымдық жасаса – нағыз қорлық деген осы екен.

Лұқман Хәкім: «Мен әдептілікті әдепсіз адамдардан үйрендім», – депті. Бізге де бұдан алар сабақ бар: кісінің жаман ісінен жеріп, жақсылыққа ұмтылу. Тарихтан – тағылым деген осы болар...

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,

ҚМДБ баспасөз хатшысы

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін