Стакан соғыстыруға болады ма?

Арақ және басқа да мас ететін ішімдіктің кез келген түрін ішу тыйым салынғаны туралы Құран Кәрімде: «Әй, мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар[1]», – деп әмір етілген.

Сонымен қатар, арақты ішу харам болғаны сияқты арақ-шарап ішілген жерде отыруға да тыйым етіледі. Тіпті, кісі араққа жақындамаса да ішкендермен бірге отыруына тыйым етіледі.

Бұған Құран Кәрімдегі: «Расында сендерге Кітапта: «Алланың аяттарына қарсы келгендігін және әжуаланғандығын сендер естіген сәтте; олар бұдан басқа сөзге кіріскенше, олармен бірге отырмаңдар; әйтпесе сендер де солар сияқты боласыңдар» деп үкім түсірді. Шәксіз Алла мұнафықтармен кәпірлерді біртұтас тозаққа жинаушы[2]»,-деген аят негіз.

Құртуби тәпсірінде: «...Сендер де солар сияқты боласыңдар...» аятын күнәһарлардан олар тыйым салынған бір іс жасаған кезде аулақ болу керектігіне дәлел еткен[3]. Өйткені, тыйым амал жасаушылардан аулақ болмау, олардың ісін құптағанмен пара-пар.

Ал, Омар бин Хаттаб (р.а.) өз сөзінде: «Уа, адамдар! Мен Алла елшісінен (с.ғ.с.) «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман етсе, арақ қойылған дастарқанға мүлдем отырмасын[4]» деген сөзін естідім»,-дейді.

Сонымен бірге, адал сусын ішкенде стакандарды соғыстыру және т.б. арақ ішушілерге тән қимыл-әрекет жасау дұрыс емес. Өйткен Ибн Омар (р.а.): «Кімде-кім бір елге ұқсап бақса, ол солардың бірі[5]»,-деген.

Бұл жөнінде ғалымдар: «Қолындағысы су екенін біле тұра суды харам етілген затты ішетін көріністе тұтынатын болса, арақ құйылатын ыдысқа арақ ішушілер сияқты етіп ішсе, ішуде ұқсастық болғандықтан харам болады[6]»,-деген.

Ал, атақты хадисші имам Науаи «Арақ ішуші сияқты етіп су ішуді[7]» қатаң ескертіп, жазаға лайықты деп таныған.


[1] Маида сүресі, 90-аят
[2] Ниса сүресі, 140-аят
[3] Тафсир Құртуби, 5-том, 418-бет
[4] Ахмад
[5] Әбу Дауд
[6] Әл-Ъирақи, Тарх әт-Тасриб, 2/19
[7] Рауд әт-Толибин, 10/174 ,

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін