Қарағанды облыстық «ӘНЕТ БАБА» мешітінде облыс имамдарының жылдық есебі тыңдалды (фото)

Бүгін Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінде облыс имамдарының жылдық қорытынды жиналысы болып өтті. Биылғы жылғы жетістіктер мен кемшіліктер сараланып, келер жылға келелі жоспарлар түзілетін жылдық төралқа жиналысында Қарағанды облысына қарасты қала, аудан  имамдарының есебі тыңдалды.

Дін басының тапсырмасы бойынша мешіт имамдарының төмендегі төрт бағыт бойынша: үгіт-насихат жұмыстары мен қайырымдылық шаралары, жат ағымдармен жұмыс жасау және діни сауат ашу курстарын жандандыру бағытында жұмыс істеуі керектігін ашық айтылған болатын. Осы орайда, қорытынды жиналыста сөз алған мешіт имамдары жыл бойы жүргізілген уағыз-насихат жұмыстарының жалпы саны мен қамтыған көлемі жайлы кеңінен ақпарат беріп отырды. Сондай-ақ, құлшылық ордалары ұйытқы болған қайырымдылық шаралары мен жалпы қаражат көлемі де көрсетілді. Жыл басынан бергі діни мейрамдар мен мемлекеттік маңызды мерекелер тұсында ұйымдастырылған іс-шаралар да қорытынды есептен қалыс қалмады.

Мешіт имамдарына міндеттелген тағы бір мәселе – ол діни ағартушылық саласын дамыту болатын. Дін қызметкерлері діни сауат ашу сабақтарының да қарқынды жүріп  жатқандығын жеткізді.

Сондай-ақ, мешіт имамдары өткізілген уағыз-насихаттық кездесулер есебіне тоқталды. Мешіт мінберінде айтылатын ақшам намазынан соңғы уағыздар мен жұма уағыздарының да саны көрсетіліп, тақырыбы талқыланды. Бұдан бөлек, мешіт имамдарының БАҚ беттерінде жарық көрген еңбектері де есепке алынды.

Осылайша, облысымызға қарасты барлық имамдардың биылғы жылы атқарған жұмыстарын тыңдаған Қарағанды облысының өкіл имамы Өмірзақ қажы Бекқожа барлықтарына өз ризашылығын білдіріп, алғысын жеткізді.

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін