Аналарды риза қылып, көзге жас алдырған күн

27 қаңтар күні Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Үштөбе мешітінде жуырда құрылған «Әжелер мектебінің» бастамасымен «Анаға құрмет» атты рухани кеш болып өтті.

Ана мен бала арасындағы ыстық ықылас пен берік байланысты нығайта түсуге бағытталған шараға аналарын алып азаматтар лек-легімен келіп жатты.

Кеш жүргізушісі Республикалық додалардың бірнеше дүркін жеңімпазы, айтыскер ақын Тілеген Әділов ортаға шығып, сөз тиегін ағытты.

Үштөбе мешітінің ең жас қариы Әбдіразақ Ибраһим Жанарбекұлының Құран оқуымен басталған кеш ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлының аналарға арнаған ақ тілегімен жалғасты. Өкіл имам өз сөзінде Түркия елінің Президенті Режеп Тайып Ердоғанның анасының аяғын таңертең және кешке сүйетіндігін тілге тиек етіп, анасының батасымен дұшпандары жасаған 13 қастандықтан оқ өтпей аман қалғанын тебірене жеткізді. Биылғы жылды Елбасымыз «Жастар жылы» деп жариялағандықтан, жастарымызды анаға құрмет көрсетуге тәрбиелеудің мәнісі зор екенін атап өтті.

Келесі болып сөз алған Үштөбе мешітінің бас имамы Жандос Нығыман бұл шараның жыл басында ұйымдастырылып отырған себебін түсіндіре келіп, аналарға сыйлық жасау үшін көктемнің келуін, 8 наурызды күтіп жүрмей, әр күні, жыл он екі ай жақсылық жасаудан бөгелмеуге себепкер болар шара екеніне тоқталды.

Аналарға балалары гүл сыйлап, зәм-зәм суын ішкізді. Балаларына риза болған аналар баталарын беріп, көз жастарына ерік беріп жатты.

Ортаға ана мен бала болып жұптасқан үш жұп шақырылды. Бұл жұптардың арасында халыққа танымал айтыскер ақын, жақында өткен «Алтын домбыра» сайысының 1-орын иегері, «Айтыстың ақтаңгері» атағының иесі Дидар Қамиев пен анасы да болды. Анасы мешіттің бір шетіне, баласы екінші шетіне тұрып, бір бірлеріне әр қадам басқан сайын жылы сөздер айтып жиналған жұртты елжіретті. Балалары «асылым, аяулым, жәннәттім» деген жүрекжарды сөздерін айтса, аналары «балапаным, Құдайдан сұрап алғаным» деп аналық ақ ниеттерін ақтарды.

Келесі кезекте қолдарына құман ұстаған балалар аналарының қодларына су құйып, енді біреулері тіпті аналарының аяғын жуып, ризалығын алды.

Демеушілердің, жергілікті азаматтар мен азаматшалардың қолдауымен мешіт асханасында дайындалған ас үстінде Дидар Қамиев аналарға арналған термелер орындаса, жергілікті орта мектептің ұстазы Қорлан Алпысбайқызы аналарға арналған әнмен жиынның көркін келтірді.

Ризалықтарын жаудырған асыл аналар баталарын беріп тарады.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін