Қос мекемеде қайырымдылық қатар жасалды

Қоғамда жақсылық жасау – имандылық пен ибалықтың, парасаттылық пен жомарттықтың сипаты. Аллаға шүкір, қайырымдылық негізде игі істер қоғамда өріс алып келеді. Жақсылық жасау қолдан келіп тұрса, қуаныш сыйлауға мүмкіншілік жетіп тұрса, әлбетте екі дүниеге игілігі бар істі ертеңге қалдыруға болмайды. Дана хакім Абай он төртінші қара сөзінде: «Нағыз жүрек ісі - рақымдылық, мейірбандылық және әртүрлі істе адам баласының бәрін өзіне тартып, бауырым деп, өзіңе ойлағандай оларға да болса игі еді» деген. «Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» — дейді дана халқымыз. Қоғамда жабырқаған жандардың қамқоршысы болып, аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсыну әрбір адамның азаматтық және мұсылмандық борышы. Адам өміріндегі ең игі істерінің бірі – мұқтаж жандарға қамқорлық жасау, бір-біріне қайырымдылық, мейірімділік таныту. Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам бастайды.

Осы орайда, өзіндік ерекшелігі бар ережеп айында қаламыздағы қос бірдей қарттар мен мүгедектерге арналған мекеме тұрғындарына Бас имам Қабылбек Әліпбайұлының бағыты бойынша қайырымдылық негізде наурыз айының қарсаңында іс-шара өткізілді. Шара барысында Абай қалалық мәдениет басқармасының қолдауымен мерекелік қойылым жасалды. Қарттарға наурыз көже мен қазақтың ұлттық тағамдарымен ас берілді. Дәстүрге айналған дастархан басында қариялар да емен-жарқын ақ ниеттерін білдіріп, ел мен жерге бақ-береке тіледі. Ия, қайырымдылықты қастерлі ұғым санап, әрдайым өзара жақсылыққа, адалдыққа үндеген бабаларымыз ізгі істі үлкен-кіші деп бөлмей, қоғамда өзара қайырымдылық пен ынтымақтың орнауына ерекше назар аударған. Осындай ізгі істерге Алланың берген ризығынан бір бөлігін Алланың разылығы үшін қайырлы істерге жұмсап отыратын Қарағанды облыстық мешітінің жанындағы «Зекет» корпоративтік қоры демеушілік көрсетіп, қоғамға пайдасы мен сауабы мол істі атқаруға ықпал етті. Сонымен қатар, игілікті істі ұйымдастыруға ұйытқы болған, демеушілік танытқан жанашыр азаматтарға да айтар алғысымыз шексіз. Ұлыс оң, ақ мол, жарылқаған жол болсын елімізге.

Қараағанды қалалық «Әл-Машани» мешітінің баспасөз қызметі

 

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін