Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінде барша мұсылмандардың ұлық мерекесі – Құрбан айт тойланды. (ФОТО)

 

Халқымыздың сан ғасырдан бергі саналы ғұмырында рухани тірек болған асыл дініміздегі айтулы мереке – Құрбан айт мейрамы жыл сайын айрықша аталып келеді.

Бүгін Ұлық мейрамды Қарағанды облыстық мешіті өз дәрежесінде атап өтті.

Айттың алғашқы күні облыстық орталық мешітіне Қарағанды облысының әкімі Қошанов Ерлан Жақанұлы айт намазына қатысып, мұсылмандардың ұлық мерекесі құрбан айт мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Облыстық мешіт ғимаратында жақсы уағыздар да айтылып, жиналған ағайын арқа-жарқа болып жатты. ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы жамағатқа ақ тілегін айтып,  мешіттің ұйымдастыруымен өтетін мерекелік іс-шараның бағдарламасымен таныстырып, артынша халықты мешіт алаңында өтетін қайырымдылық жәрмеңкесіне шақырды. Күндердің ең абзалында мәре-сәре болған ағайын мұсылман халқының ең үлкен рәсімен жай тойлап қана қоймай, мұқтаж жандарға құрбандық еттерін таратты. Артынша облыстық мешіт алаңында дүбірлі дода басталды. Ұлттық ойындар мен жарыстар оның ішінде, қазақша күрес, кір тасын көтеру, арқан тартыс, қой көтеру секілді ойындар арасында қызу тартыс өтті. Кіл жүйріктерге мешіт ұжымы марапаттау қағаздары мен бағалы сыйлықтар үлестірді.

 Мешітте жамағатпен айт намазы оқылып болғасын, намаздан шыққан мұсылман қауымы мешіт ауласында орналасқан алты қанат ақ ордалы  киіз үйлерге кіріп Құрбан айттың құрметіне жайылған дастархандардан шай ішіп, дәм татты. Айт намазына арнайы келген жамағаттар мешіт тарапынан жасалған осындай дәстүрге сай іс-шараларға дән риза болып алғыстарын айтып жатты.

 

Барша мұсылман асыға күтетін айт мейрамы күні Қарағанды облыстық "Әнет баба" мешітінің наиб имамы Мұсабеков Нұржігіт Оразалыұлы балаларға да базарлық ретінде балмұздақ пен тәттілер таратып олардың қуанышына куә болды.

Айт – ағайын арасын жақындастыра түсетін, адамзат баласын имандылыққа ұйытып, қанағат пен тәубеге үндейтін қасиетті мейрам. Бұл күндері барша мұсылман ізгі амалымен Алланың разылығына бөленеді. Осынау қасиетті мереке күні жамағат ерекше ықыласқа бөленіп, қасиетті мерекенің маңыздылығын сезінді.  

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін