Шағын футболдан сайыс өтті

Қарағанды облысы, Теміртау орталық мешітінің ұйымдастыруымен облысқа қарасты қала, аудан имамдары мен мешіт жамағаттарының арасында шағын футболдан сайыс өткізілді. Дәстүрге айналған сайыс барысында ауыспалы кубокты иемденуге қатысушылар командаларға бөлініп, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Шараны ұйымдастырушы Теміртау орталық мешітінің бас имамы, РАНТ мүшесі, Хушкелдиев Жанболат ойынға қатысушыларға төрелік ететін әділ қазылар алқасын бекітіп, шағын футболдың өз ережесінде өтуіне ықпал етті. Іс-шара басталмас бұрын еліміздің әнұраны айтылып, сайыс басталғаннан тартысты өтті. Сайыстың ашылуында Теміртау қалалық әкімінің орынбасары Мирас Құттыбай: «Спорт ойындарына қош келдіңіздер! Жалпы қоғамда денсаулыққа көңіл бөлініп, салауатты өмір салты өте жоғары бағаланады. Уақыт пен денсаулық нығметін бағалауға бағытталған іс-шараның берері зор болсын», – деп, спорттық шараға қатысушыларға сәттілік тіледі. Қарағанды облыстық "Әнет баба" мешітінің наиб имамы, "Жастар ісі секторының" жауапты өкілі Мусабеков Нұржігіт облыстық бас имам Өмірзақ қажы Қазкенұлының сәлемін жеткізді. Жарыс ереже бойынша өтіп, нәтижесінде әділ қазылар алқасы балдық жүйемен топтың белсенділігін бағалап, ортақ ұйғарымымен үздік деп танылған командаларды жүлделі марапаттады.  І орын – Жаңаарқа аудандық мешіті. ІІ орын – қалалық "Әл-Машани" мешіті. ІІІ орын – Нұра аудандық мешіті. Сонымен қатар, ойын барысында жақсы ойын үлгісін көрсеткен бірқатар үздік ойыншылар жеке-жеке марапатталды.

 

Қарағанды облыстық "Әнет баба" мешітінің баспасөз қызметі

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін