Қарағандыда облыстық имамдар форумы өтті

Қазақстан - дінаралық келісім мен татулықты, рухани құндылықтарды сақтап отырған ел ретінде өз бағытын айқындап келеді. Қарағанды қаласында  өткен «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты облыстық үшінші имамдар форумына Бас мүфтидің бірінші орынбасары, наиб мүфти "Әзірет Сұлтан" мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы қатысты. Сонымен қатар, Қарағанды облысына қарасты қала, аудан, ауылдан 300 имамының қатысуымен өткізілген форумға облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенұлы,  қалалық мәслихат төрағасы  Құдайберген Бексұлтан,  Қазақстан халықтары ассамблеясының төрағасы Құсайынов Ерлан, Е.Бөкетов атындағы мемлекеттік университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының докторы Әбдуов Мұхаметқали, Бұқар жырау ауданы, Мустафин ауылының имамы Сайлау Әмірқожаұлы және қоғам қайраткерлері мен  зиялы қауым өкілдері, оқу-ағарту орталығының шәкірттері қатысты. Форумды ашқан наиб мүфти "Әзірет Сұлтан" мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы Бас мүфти Серікбай қажы Ораз хазіреттің құттықтауы мен игі тілегін жеткізе отырып, рухани дамудың мақсаттары мен міндеттерін айқындау, қазіргі заманға, әлемге сәйкес ұлттық сана-сезімді қалыптастыру, рухани құндылықтарды меңгерудегі белсенділік турасында баяндама жасады. Діни басқарманың қоғам алдындағы сан-салалы қызметінің бір парасы ретінде бейнеролик көрсетілді. Облыс әкімінің орынбасары, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері рухани құндылықтар жайында сөз еткен соң, құжат мазмұнымен таныстыру үшін облыстың бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы баяндама жасады. Басқосудың қоғамдық маңызын, тарихи мәнін арттыра түсетін форумда қабылданған құжаттар кеңінен насихатталды. Қорытынды ретінде ІІІ республикалық имамдар форумының Үндеуін Қарағанды облыстық "Әнет баба" мешітінің наиб имамы Нұржігіт Мусабеков бұқара қауымға таныстырды. Осы Тұғырнаманы негізге ала отырып, аймағымызда насихат тобы құрылып, жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу міндеттелді. Мемлекет – қоғамның тыныштығы мен тіршілігін, бірлігі мен игілігін қамтамасыз ететін, рухани құндылықтарды қалыптастыратын құрылым. Дін тұрақтылық пен татулық салтанат құрған қоғамда ғана өркендейді. Осындай игі іс-шараның "Достық үйі" ғимаратында өткізілуі мемлекеттің қамқорлығы. Ынтымақ пен ымыраны ту етіп, тізе қосып, ел игілігі мен бірлігі жолында қызмет ету баршамыздың ортақ борышымыз. Бүгін қабылданған тәлімдік құжаттарымыз елдің игілігіне жарап, жарқын болашаққа бет алған Тәуелсіз Қазақстанның жолы ақ болсын.

 

Қарағанды облыстық "Әнет баба" мешітінің баспасөз қызметі

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін