Жезқазған: Бас имам құрылыс барысын бағамдады (фото)

Адам өмірінде сауабы үзілмейтін сауапты істердің ретін Алла тағала адамзат баласына асыл діні арқылы көрсетіп қойған. Дүние тіршілігінде  пенде өзінің артынан ізгі іс қалдыруды қалайды. Бізге бұл дүниеде сауапты амал жасауға мүмкіндік мол. Сондай шексіз сауаптың бірі – халыққа, қоғамға пайдалы ғимарат салудың қатарында мешіт салу. Осындай ігі һәм сауапты істі жүзеге асыру мақсатында Жезқазған қаласында да жаңа мешіттің қазығы қағылып, бүгінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Мешіттің бүгінгі нысанын аралап, құрылыс барысымен танысу үшін Қарағанды облысының бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы  құрылыс нысанына барды. Сәулетті мешітке арнап жүргізіліп жатқан жұмыстардың бүгінгі ахуалымен танысып, құрылыс жұмыстарына жауапты мамандармен сұхбаттасты. Халқымыздың діни және рухани дамуына, жастардың дұрыс тәлім-тәрбие алуына, ынтымақ пен тұтастыққа баулитын ғибадат үйлерінің негізгі қызметтері турасында насихат айтты.

Аллаға шүкір, бүгінгі таңда мешіт салу қатары Қарағанды өңірінде қарқынды дамып келеді. Мешіт салу турасында пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінде: «Кімде-кім Алланың разылығын көздеп жер бетінде мешіт салса, Алла Тағала оған жұмақтан бір үй салады», – делінген (Бұхари, Мүслим, Тирмизи, Ибн-Мәжә). Сондай-ақ, тағы бір хадисте: «Қандай да бір адамның мешітке қатысы барын көрсеңіз, оның мүмин болғанына куәлік етіңдер. Өйткені, Алла Тағала: «Алла Тағаланың мешіттерін тек Аллаға және ақырет күніне иман еткендер ғана салады», – деген», – дейді. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с) Мәдина қаласына көшіп келгенде, ең әуелі қолға алған жұмысы – мешіт құрылысы болған. Мешіт қызметі тек құлшылық мекені ретінде шектелген емес. Бес уақыт намаз өтелетін киелі орын болуымен бірге, қоғамдық маңызға да ие болған.

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін