Қарағанды:«Зекет» қоры «Ауызашар керуені» қайырымдылық акциясының дайындық жұмыстарын бастады

Адам баласы қоғам ретінде өмір сүруге бейім жаратылғандықтан бір-біріне мұқтаж. Осындай мұқтаждық адамдардың бір-біріне жәрдемдесуін, бір-бірінің кем-кетігін толтыра отырып, үйлесім негізінде өмір сүруін талап етеді. Сондықтан да ислам діні жақсылық жасауды, өзара жәрдемдесуді әрі рухани әрі материалдық қырынан жан-жақты қолға алып, оны діни-моральдық жауапкершілік ретінде бекіткен. Құран Кәрімнің көптеген аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде бұл анық көрініс тапқан.

Алла Тағала:«Сендер адамдардың арасынан шығарылған қайырлы үмбет болдыңдар..» (Әли Имран, 110) деп, мұсылмандарды жақсылық жаршылары ретінде сипаттап, ұдайы жақсылық жасауға шақырған. Қасиетті Рамазан айының қарсаңында ҚМДБ-ның Қарағанды облысына қарасты «Зекет» және қайырымдылық қоры «Ауызашар керуені» қайырымдылық акциясының дайындық жұмыстарын бастады. Игі шараға жергілікті «Нұр-Фатих» атты жастардан құралған ерікілер тобы жұмылдырылды. Шараның мақсаты қасиетті айда көмекке мұқтаж, аз қамтылған отбасыларға жәрдем көрсетіп, мерейін үстем ету. Жаратқан иеміз көптеген аяттарында мұсылмандарға қарата: «Жақсылық жасаңдар, сонда нағыз жетістікке жетесіңдер (яғни, о дүниеде тозақ азабынан құтылып, шексіз нығметке бөленесіңдер)» («Хаж» сүресі, 77-аят),- деген. Ендеше, барша мұсылман жандарды берекелі іске ат салысуға шақырамыз.

                        ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі

© 2009-2024, Қарағанды облыстық мешіті Сайт материалдарын қолдану үшін