Тілдік нұсқа
Радио

Фото

НАУРЫЗ МЕЙРАМЫНА ОРАЙ «НАУРЫЗ КУБОГІ» АЙМАҚАРАЛЫҚ СПАРТАКИАДАСЫ ӨТКІЗІЛДІ
25 наурыз, 2019 жыл 532 Басып шығару нұсқасы

23 наурыз күні Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Үштөбе ауылдық мешітінде облыстық «Әнет баба» мешітінің қолдауымен «Қазақстан барысы» Ержан Шынкеев пен «Айтыстың ақтаңгері» Дидар Қамиевтің жүлделеріне тұңғыш дәстүрлі аймақаралық «Наурыз кубогі» спартакиадасы болып өтті.

Жер дүние жіпсіп, Самарқанның көк тасы еритін бұл уақытты халық жылда асыға күтері анық. «Арқада қыс жайлы болса арқар ауып несі бар» дегендей, қытымыр қыстан кейін жер дүние бусанып, күн шуағына маужыраған табиғатпен бірге мамыражай тіршілік те басталып кетеді. Осы сәтте адамдардың да көңілі ерекше елжіреп, табиғатпен үндесе түсері хақ.

Үштөбелік жамағат та наурызды ерекше ықыласпен күткен екен. Күні бұрын күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей ақ бауырсағын пісіріп, қазы-қарта мен жал-жаяны дайындап, наурыз көжесін қайнатқан аналар да мерекелік көңіл-күйді өсіре түскен. Мешіт жанына ақшаңқан киіз үй тігілген, киіз үй ішінде наурыз көжесі мен қымызын сапырған аналар, жайылған дастархан, үлкен-кіші барлығы жүздері бал-бұл жанып мешіт маңына жиыла бастады.

Үштөбе мешіті жанынан құрылған «Әжелер мектебі» мүшелері түсте берілетін үлкен астың қамын жасап жанталасып жатты.

Жергілікті телеарналардың журналистері қонақтардан сұхбат алып үлгеруде. Биіктен түсіретін камералар мен фотоаппараттар мерекенің әр сәтін қалт жібермей таспаға түсірумен болды.

Дәстүрді дәріптейтін мерейлі мереке басталып та кетті. Мерекенің тұсаукесері «Тұсау кесу» дәстүрімен басталды. Мерекеге арнайы шақырылған құрметті қонақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қарағанды облысы бойынша өкіл имамы, облыстық «Әнет баба» мешітінің бас имамы Өмірзақ қажы Бекқожаның келгенін пайдаланып, «Құтты қонақ келсе қой егіз табады» деген қазақы ұстанымды ту еткен Үштөбе мешітінің бас имамы Жандос Әшімұлы бір жасқа толған қызы Мәриямның тұсауын өкіл имамға кестіруді ұйғарыпты.

Жайылған ақ мата үстінде, ақ батасын берген өкіл имам Өмірзақ қажы сәбидің тұсауын кесіп, батасын берді. Алдына қойылған ойыншық тұлпар, қағаз-қалам және Құран кітабының ішінен періште көңілді сәби Құранды таңдады. Көпшілік шуласып Алланы ұлықтап жіберді. Үштөбе мешіті «Әжелер мектебінің» төрайымы Ермек апа қуанышқа шашу шашты.

Одан әрі аталар арасында бата беруден сайыс басталып кетті. Бата сайысына сарапшы ретінде арнайы шақырылған Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультеті деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұхаммедқали Абдуов мырза өз сөзінде кеңестік кезеңде көп құндылықтарымызды жоғалтып ала жаздағанымызды тілге тиек етіп, ақсақалдарды бөліп жармай барлығының батасын бірдей бағалады. Ақсақалдарға мешіт тарапынан сый-сыяпат жасалды.

Келесі кезекте Наурыз тойына ақ кимешектері мен оюлы камзолдарын киіп келген аналар арасында да киім сайысы өткізілді. «Ең үздік кимешек» номинациясы бойынша үш апаға камзол сыйға тартылып, басқа да апаларға тойдан тобықтай сыяпаттар үлестірілді.

Мерекенің ең қызық тұсы осыдан кейін басталды. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, «Қазақстан барысы» додасының жеңімпазы Ержан Шынкеев пен «Айтыстың ақтаңгері», Республикалық және Халықаралық айтыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы Дидар Қамиевтің жүлделеріне тұңғыш дәстүрлі аймақаралық «Наурыз кубогі» спартакиадасы шымылдығын ашты.

Үштөбе орта мектебінің оқушылары мемлекеттік рәміз көк туды сән-салтанатымен ортаға әкеліп қойған соң, мемлекеттік әнұран шырқалып, спартакиада басталып кетті.

Спартакиадаға Көкшетау және Нұр-Сұлтан қалалары командалары, Шет ауданынан 2 команда, Жаңаарқа ауданынан 2 команда, Сұрыптау бекетінен  "Ақыт қажы" командасы, Майқұдықтан "Бала қажы" командасы, Қалалық Әл Машани мешітінің  "Бөрілер" командасы, Олжас Есенұлы медресесінің "Талапкер" командасы, Қарағанды қалалық 3-автобус паркінің командасы, "Қайрақты" командасы, Пришахтинск мөлтек ауданынан «Сұңқар» командасы, Үштөбе командасы, Құрылыс ауылының командасы, жалпы саны 15 команда қатысты. Әр команданың құрамында түрлі спорт түрлеріне икемді сайдың тасындай бес-бес жігіттен бар.
         Спартакиада қашықтықтан жүгіріп келіп қамшы алу, қол күрес, кір тасын көтеру, асық ату және арқан тартыс ойындары бойынша өтті.                Сайысқа қатысушылардың өнерін бағалап, қазылық еткен әділқазылар құрамында  Искаков Рахат, Самбо күресінен Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жекпе-жек сайысынан Қарағанды облысының аға жаттықтырушысы. Жанғабыл Марлен, Қарағанды мемлекеттік университеті дене тәрбиесі кафедрасының оқытушысы болды. Ойындардың тартысты өткені сондай, таңертең сағат 10-да басталған сайысты жұрт түс ауып сағат 15.00 болғанша тапжылмай тамашалады.

Бірінен бірі өткен ауылдардан келген азаматтар нағыз мықтының кім екенін сайыс барысында дәлелдеп бақты.

Спартакиада спорттық сайыстарына Астанадан арнайы келген Дзю-до күресінен мемлекеттік жаттықтырушы Жандос Қонысбаев, Ұлттық дәрежедегі төреші Қырықбай Мускунов, ардагер спортшылар арасындағы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Серікбай Нұрмағамбетов және ардагер спортшы, Үштөбе мешітінің ақсақалы Ибраһим Абикеев төрешілік етті.

Жалпы командалық есеп бойынша төмендегідей қорытындыға қол жеткізілді:
1-орын және өтпелі «Наурыз кубогі» "Арқа батырлары" командасы  (Жаңаарқа) - 100 000 теңге.

2-орын "Ақсу аюлы" командасы (Шет ауданы) - 75 000 теңге.
3-орын екеу: "Қарағаш" командасы (Жаңаарқа ауданы) - 50 000 теңге және "Астана" командасы (Нұр-Сұлтан қаласы) - 50 000 теңге.

Жүлделі 3 орынды иеленген командалардың барлық мүшелерінің мойындарына медальдар тағылды.

4-орын: "Көкшетау" командасы (Ақмола облысы) - 30 000 теңге.
         Сондай ақ, сайысқа қатысқан барлық сайыпқырандарға мадақтама қағаздары табысталды.

Қуаныштан жүздері нұрланған көпшілік бір-бірін қимай келесі наурызда кездескенше, ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! – десіп тарқасты.

Мәтінді әзірлеген Ж.Нығыман

Фото: Т.Базылов

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары