Тілдік нұсқа
Радио

Фото

ҚМДБ: ФОРУМ ҮНДЕУІ ЖАРИЯЛАНДЫ (ФОТО)
24 қазан, 2019 жыл 6 Басып шығару нұсқасы

Бүгін Елордада өткен ІІІ республикалық имамдар форум соңында жиынға қатысушылардың Үндеуі жарияланды. Үндеу мәтінін ҚМДБ Аппарат басшысы Ғылымбек Жәдігерұлы оқып берді. Үндеу мәтіні төмендегідей:

«Біз, дін, мемлекет және қоғам қайраткерлері, «Рухани құндылықтар – қоғам бірлігінің негізі» атты ІІІ республикалық имамдар форумына қатысушылар «Қазақстан мұсылмандары Рухани Тұғырнамасы» құжатын қолдай отырып, халықты имандылыққа, отаншылдыққа, жан-жақты білім алуға, еңбекқорлыққа, ауызбіршілікке, әділдікке үндейміз.

Имандылық – адамның амалын көркемдейтін рухани жол. Ол – адам бойындағы ізгіліктің көрінісі. «Отанды сүю – иманнан» деген аталы сөз бар. Отаншылдық – Отанға, туған еліне, оның тіліне, туып өскен жеріне, салт-дәстүрі мен мәдениетіне деген құрметтен бастау алады. Отаншылдықтың мәйегі – ұлтты сүю. Барша азаматты еліміздің игілігі үшін адал қызмет етуге шақырамыз.

Білім алу, сауат ашу – Ислам дінінің ең басты талабы. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Білім алу – әрбір мұсылманға (ер мен әйелге) парыз», – деген. Мемлекетті құраушы азаматтарды бәсекеге қабілетті болу үшін үздіксіз дамып, әрдайым өзін жетілдіріп отыруға үндейміз.

Отанға қызмет етіп, білім алу, өзін-өзі дамыту тұрақтылықтың негізінде жүзеге асады. Болашағымыздың жарқын болуы бүгінгі бірлігімізге тікелей байланысты.

Шариғатта ғибадат істермен қатар адал кәсіп, отбасы, қоғам алдындағы жауапкершілік секілді дүние істері бірге жүреді. Өйткені, Ислам – дүние мен ақырет тізгінін тең ұстаған дін. Біз Қазақстан мұсылмандарын дүние ісі мен құлшылық-ғибадатты құстың қос қанатындай тең ұстауға үндейміз.

Қоғамдық ортада мәдениетті болу, өзін ұстай білу, үлкендерді сыйлау, оларға құрмет көрсету, сәлемдесу, сыпайылық таныту – рухани байлықтың көрінісі. Барша азаматты мәдениетті болуға шақырамыз.

Ал әділдік – ізгіліктің өзегі. Әділдік жоқ жерде береке болмайды. Алла Тағала әрбір жаратылысты өз өлшемімен әділ жаратқан. Қоғамда жамандықтың жолын бөгейтін күш ол – әділдік. Әділдіктің салтанат құруымен ғана қоғам өркендейді. Әр адамды әділдікті өз өмірінен бастап, одан кейін оны отбасылық, қоғамдық деңгейге көтеруге үндейміз».

 

Форумға мемлекет, қоғам және дін қайраткерлері, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшелері, теолог-ғалымдар және Діни басқарманың 500 имамы қатысты.

Нұр-Сұлтан қаласы 23 қазан 2019 жыл

http://www.muftyat.kz/

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары