Тілдік нұсқа
Радио

Фото

Ысырапшылықтың алдын алуға бағытталған алқалы жиын өтті
26 қараша, 2019 жыл 20 Басып шығару нұсқасы

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында  бұған дейін жасалған құжаттардың тарихи жалғасы ретінде қабылданған «Жеті рухани қазық» Тұғырнамасы мен «Діни рәсімдер мен діни лауазымдар тізілімі» діни сала жұмысына бірізділік енгізіп, күллі қазақ даласында ортақ құлшылық қағидаларын қалыптастыруға ықпал етуді ұсынды. Осы құжаттарға орай, Қарағанды облыстық "Әнет баба" мешітінде  «Жеті рухани қазық» Тұғырнамасын кеңінен насихаттау және  «Жерлеу рәсімі мен ас беру тәртібі» атты ысырапты жоюға байланысты діни жоралғыларды бірқалыпқа келтіру барысында жиын өткізілді. Алқалы жиынға ҚМДБ-ның "Насихат және қоғаммен байланыс" бөлімінің маманы Хамзат Қажымұратұлы, Қарағанды облысы бойынша қала, аудан бас имамдары және облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы О.Төреғожин, қалалық ардагерлер мен ақсақалдар төрағасы Т.Зейнешов, зиялы қауым, мешіт молдалары, қала тұрғындары қатысты. Бас имам Өмірзақ қажы Қазкенұлының төрағалығымен өткен басқосуда шариғат  талабына  сай  жаназа  және  жерлеу  рәсімдерін  Қарағанды  облысында  бірізділікпен жүргізу туралы ұсыныстар талқыланып,  орамды ой пікірлер  айтылды. Хамзат Қажымұратұлы имам мен молдалардың негізгі қызметтері мен халық арасында жүргізетін насихаттардың пәрменділігін арттыруды міндеттеді.  Бас имам әсіресе, халық арасында қаралы сәттерде несие алып, қарызға батып шығындалып жатқан жайттарды алға тартып, әрбір істе тиянақтылық пен ысырапшылықтың алдын алуды назарға алу қажеттігін түсіндірді.  Дін - адамзатқа ауыртпалық түсірмейтіндігі жан-жақты талқыланған жиында төмендегі жайттар  ортаға салынып, халық арасында түсіндірме және насихат жұмыстарын жүргізуге бірауыздан шешім қабылданды.

* Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер 45 тізіліммен даярланды. Бұл біздің басты тұғырнамамыз.  Осы тізілімнің 41-ші тарауында асқа қатысты шариғатта жұртқа ас берудің сауапты іс екендігі баяндалған. Қазіргі күнде ас берудің бірнеше түрі бар. Айталық, ас қайғылы жағдайда және қуанышты жағдайларда беріледі. Аста дүниелік әңгімелер емес, діни насихат айтылуы тиіс. Өйткені мұндағы мақсат - Алла Тағаланың разылығына қол жеткізу. Ас берудің басында және соңында Құран оқылады, қажеттіліке сай имамдар уағыз-насихат айтады.

* Жаназа және жерлеу рәсімдері кітабында 44-ші бетте "Қаралы үйден ас ішу" тармағы көрсетілген. Марқұмның отбасына көршілерінің тамақ дайындап беруі сүннет. Қаралы үйдің тұрмысы ауыр немесе біреулерге қарызы болса, олардың одан сайын қарызға батып, ас беруі дұрыс емес. "Қазалы үйде үш күнге дейін қазан асылмасын" деген сөздің шариғатта негізі бар. Мәйітті жерлеу істері кезек күттірмейтін негізгі міндет болғандықтан, жаназадан алдын қонақасы беріп, артық шығындалудың қажеті жоқ.

* Қабірдің басында шапан, жыртыс, шәй, орамал, орамалға ұсақ ақша түйіп тарату тоқтатылсын.

 * Марқұмға арнап, жаназа рәсімі кезінде аста-төк дастархан жайылмайды. Ауыз тиерлік ас тұрса жеткілікті. (Ет тамақ, жеті шелпек, бауырсақ, қант, конфет-печенье, ірімшік, құрт, сары май, өрік, мейіз) Мақсат – ас жеу емес, марқұмның туыстарын сабырға шақырып, қайғыларын бөлісіп көңіл айту;

 * Қарызданып, қауғаланып, кредит алып дастархан жасаудың ешқандай пайдасы жоқ, мұндайды дініміз құптамайды. Сондықтан пайдасыз, сауапсыз нәрседен сақ болған жөн;

 * Жетісі, қырқы, жылдық асын беру әркімнің мүкіншілігіне қарай атқарылады және осы астарда сағаттап елді сөйлету тоқтатылады. Алыс жерден келген бір-екі ағайын сөйлесе жеткілікті. Көбіне тәрбиелік мәні бар уағыз-насихаттар айтылады.

*  Қайтыс болған кісіні еске алу барысында (бейнероликте) музыкалық сөзі бар әуендер мен бейәдеп фотоларды қолданбау. 

* Мазар салуда ысырапқа жол жоқ. Қымбат мәрмәрдан салуды дініміз бұйырмайды. Қарапайым, аты-жөні, туған жылы, кімнен естелік екендігі жазылған тақта болса, жеткілікті. Сурет салынбайды. Қорған тұрғызылмайды. Мазар жалпы қоршауға алынса жеткілікті.

Дін мен ел мүддесіне арналған жиында аталған рәсімдерді ретке келтірудегі басты мақсат - атқаратын амалдардың риясыз, қиындықсыз, шынайы болуына негізделген.

 

 

    

 

 

Қарағанды облыстық "Әнет баба" мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары