Тілдік нұсқа
Радио

Фото

Бас имам Шет ауданындағы Мәуліт кешіне қатысты
28 қараша, 2019 жыл 52 Басып шығару нұсқасы

 

         Аллаға шүкір, бүгінде мәуліт айы ерекше аталып өтіп, бұқара халыққа Алла елшісінің (с.ғ.с.) руханиятқа толы тағылымдарын кеңінен насихаттау жолға түсті.  Алланы бір деп мойындаған мұсылман қауымына  оның (с.ғ.с.) өмірі тұнып тұрған өнеге. Мұхаммедті (с.ғ.с.) өз ата-анамызды танып, құрметтегендей сүю ләзім деген ғұламалар ұстанымын паш еткен мерейлі мереке Шет ауданында жалғасын тапты. Пайғамбардың (с.ғ.с.) өнегеге толы өмірі мен өміршең өсиетін, тағылымы мол ғибратқа толы ғұмырын насихаттау мақсатында аудандық мәдениет үйінде өткізілген "Мәуліт - мерейі үстем мереке" атты рухани кешке облыстың бас имамы Өмірзақ қажы Қазкенұлы қатысты. Бас имам: - Бұл дінімізді насихаттаудың, жас ұрпақты имандылыққа, жақсы мінез-құлыққа шақырудың жолы. Әлемдердің Раббысы қасиетті Құранның "Қалам" сүресінде пайғамбар хақында: «Шын мәнінде сен әлбетте ұлы мінезге иесің»  - деп сипаттаса, тағы "Ахзаб" сүресінің 21-аятында барша адамзатты Алла Елшісінен (с.ғ.с.) өнеге алуға шақырады: «Расында сендер үшін, Алланы да ақырет күнінде үміт еткендер және Алланы көп еске алған кісілер үшін Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар». Қазіргі таңда барша мұсылман қауымы үшін екі дүниенің сардары Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған айы – мәуліт мерекесін тәлім-тәрбиеге толы рухани басқосуларда атап өтуге мүмкіндік жасалып келеді. Сауапты іске жұмылғандар мен салауатты іс-шараға келген баршаңызға Алланың нұры жаусын. Мәуліт айы баршаңызға құтты болсын! Жақсылықтың жаршысы болып табылатын рухани айда көңілдеріңіз қуанышқа толсын.- деп, ізгі тілегін білдірді. Бас имам сонымен қатар, мұсылман өміріне лайықты "Жеті рухани қазық" тұғырнамасына тоқталып өтті. Халықтың діни дүниетанымын арттыратын айтулы іс-шарада аудан әкімінің орынбасары Абилдин Азамат имандылыққа ұйып отырған елге арнап ізгі тілегін білдірді. Жергілікті бұқара халық пен қала, ауданнан қонаққа келген имамдарға арналып сахнада Мәуліт жырлары оқылды. Мәулітті облыстық "Әнет баба" мешітінің бірінші наиб имамы Карсембай Дархан, Қарқаралы аудандық "Құнанбай қажы" мешітінің имамы Қуатбеков Асқар түпнұсқада оқып, жиналған жамағатты иманға ұйытты. Салауаттар айтылып, жас шәкірттердің қатысуымен монологтар орындалды. РАНТ мүшесі, Теміртау қалалық мешітінің имамы Елдос Қуандықұлы мұсылман өміріндегі принциптер турасында уағыз айтып, шынайы үммет болудың ерекшеліктерін еске салды. Сахналық тәрбиелік мәні бар қойылымдар көрсетілді.  Арқа ақындарының айтыстары рухани кештің мәнін келтіріп, дін мен дәстүр сабақтастығын арттырды. Аудандық "Жанғұтты би" мешітінің имамы Берік Алпысбайұлы ұйымдастырған игі шара соңында жиналған қауымға мешіт асханасында ас беріліп, берекелі отырыста дұға жасалды. Ия, дұға - мұсылман қорғаны. Аймақтағы мешіттерде жасалып жатқан дұғалар еліміз бен жеріміздің тұтастығына  қорған болар дұға болсын.      

Қарағанды облыстық "Әнет баба" мешітінің баспасөз қызметі

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары