Тілдік нұсқа
Радио

Зүл-хиджаның алғашқы он күні
12 тамыз, 2018 жыл 0 Басып шығару нұсқасы

 

Сұрақ: Зүл-хиджа  айының алғашқы он күнінің артықшылығы жайында баяндап берсеңіз? 

Жауап: Алла Тағалаға ең сүйкімді де қасиетті айлардың (зүл-қағда, Зүл-хиджа, мухаррам, ражаб) бірі Зүл-хиджа, ал оның абзал күндері алғашқы он күні. Өйткені бұл күндермен Алла Тағала Құранда серт еткен.

Алла Тағала Құранда былай дейді: ﷺ

وَالْفَجْرِ (١) وَلَيَالٍ عَشْرٍ (٢)

«Ағарған таңға, (1) Құрбан айының алғашқы он кешіне серт».[1]

Ибн Аббас (р.а.), Мужаһид, Муқатил: «Бұл кеш – Зүл-хиджаның алғашқы он кеші» - деді. Бұл дүниенің ең абзал күндері. Ол жайында Пайғамбарымыз (ﷺ) өз хадисінде былай дейді: «Дүниенің ең абзал күндері (Зүл-хиджаның) он күні»[2]. Тағы бір хадисінде: «Алла Тағала құзырында (Зүл-хиджа  айының) он күнінде жасалған ізгі амалдан абзалырақ әрі сүйкімдірек игі іс жоқ. Ол күндері тасбихты (субханаллаһ), тахмидты (алхамдулиллаһ), таһлилді (лә иләәһа иллаллаһ), такбирді (Аллаһу акбар) көбейтіңдер» - деп келген.[3]

Міне осы күндерге қатысты көптеген үкімдер мен артықшылықтар бар. Олар:

1. Зүл-хиджаның алғашқы он күнінің артықшылығы. Зүл-хиджаның алғашқы он күні қасиетті күндер. Бұл күндері құлшылыққа белсенділік таныту, жақсы амалдардың алуан түрін арттыру мұстахаб саналады. Сол сияқты бұл күндері істелген амалдар басқа күндерден абзалырақ әрі сауабы да еселеніп беріледі. Ибн Аббастан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ): «Алла Тағалаға бұл күндерде (Зүл-хиджаның алғашқы он күнінде) істелген ізгі амалдан жақсырақ амалдар жоқ»-деді. Сахабалар: «Ей Алланың Елшісі (ﷺ)! Алла жолында күрескен жиһадта сай келмей ме?»-деп сұрады. Алланың Елшісі (ﷺ): «Алла жолында шыққан жиһадта тең келмейді. Тек жанымен, малымен жорыққа шығып кері қайтпағандардан басқасы»[4]-деп жауап берді.                      

2. Зүл-хиджаның алғашқы сегіз күнінде ораза ұстаудың үкімі. Бұл күндерде жалпы ізгі амалдарды істеу мұстахаб болғандықтан ораза тұту да мұстахаб, сүннет емес. Ораза ұстау – ізгі амалдардан. Бұл күндерде арнайы ораза ұстауға қызықтырып келген хадистер болмағанымен, ораза тұту - Пайғамбарымыздың (ﷺ) қызықтырып келген ізгі амалдардың құрамына кіреді.

3. Арафа күні ораза тұту үкімі. Арафа күні ораза тұту сүннет. Өйткені Пайғамбарымыз (ﷺ) ол күні ораза ұстады әрі ол күні ораза тұтуға қызықтырды. Әбу Қатададан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ) былай дейді: «Арафа күні –ораза ұстау арқылы, Алладан өткен және келер жылдың күнәсін кешіруді үміт етемін»[5].

Арафа күні ораза тұту қажылық амалын істеп жүрген адамдардан басқаларына сүннет саналады. Ал қажылықта жүрген адамдар сол күні құлшылыққа белсенді әрі үнемі дұғада болу үшін ораза тұтуға тиым салынған. Арафа – Зүл-хиджаның тоғызыншы күні. Ол күні ораза ұстау хадисте келгендей екі жылдық (өткен және келер жылғы кіші) күнәларды кешіреді.

4. Оныншы күні ораза тұтудың үкімі. Зүл-хиджаның оныншы күні яғни «Құрбан айт күні» және ташриқ (құрбан айттан кейінгі үш күн) күндері ораза ұстауға бірауыздан тиым салынған. Әбу Саид былай дейді: «Пайғамбарымыз (ﷺ) ораза айт пен құрбан айтта ораза тұтуға тиым салды».[6]

Ал, Набиша Әл-Һазилидің хадисінде былай келген: Пайғамбарымыз (ﷺ): «Ташриқ күндері – ішіп-жеу және Алланы зікір ету (еске алу) күндері»[7]-деді.

Құрбан айт – құрбандық шалу және міскіндер мен кедейлердің қажетін өтеу күні. Бұл күні құрбандық шалу Әбу Ханифа мәзһабы бойынша дәулетті адамға уәжіп. Оған дәлел Алла Тағала Құран Кәрімде былай дейді:

فَصَلِّلِرَبِّكَوَانْحَرْ (٢)

«Сондықтан Раббың үшін айт намазын оқы,құрбан шал».[8]

Сол сияқты Пайғамбарымыз (ﷺ): «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!»[9], – деп бұйырған. Мұндай ескерту құрбан шалудың уәжіптігін білдіреді.

Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар (еркектері де, ұрғашылары да құрбандыққа) жарамды. Ал үйрек, қаз, тауық, түйетауық, елік секілді т.б. аң-құстар құрбандыққа жарамсыз.

Құрбандыққа жарайтын түйе бес жасар, сиыр екі жасар болуы қажет.Ешкі бір жасқа толғанда, ал қой бір жасар немесе алты айлық марқа қозы (бір жасар қой секілді) ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды.

Құрбандық малдың дені сау, еті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Құрбандыққа мына төрт мал жарамайды: анық соқыр, айқын көрініп тұрған ауру, анық байқалып тұрған ақсақ, жілік майы жоқ арық мал»[10]- деген.

Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Пайғамбарымыз (ﷺ)  былай дейді: «Кім айт намазынан бұрын мал шалса, оның орнына қайта мал шалсын. Ал кім намаздан кейін құрбандық еткен болса, оның құрбандығы қабыл болды және ол мұсылмандардың сүннетіне сай келеді»[11],- деген.

Зүл-хиджа  айының алғашқы он күнінде істелген амалдардың сауабы мол болғаны үшін мұсылмандар оны қадірлеп, ораза тұтсын, туысқандарының арасын біріктірсін, садақа берсін, Алла Тағаланы көп еске алсын, нәпіл намаздарды көбейтсін, Құран оқысын, дұға етсін және пайғамбарлардың абзалы Мұхаммедке (ﷺ) салауатты көбейтсін.

Ескерту:
Биыл зүл-хиджаның 1-күні тамыздың 12-не, арапа тамыздың 20-на, ал Құрбан айт мейрамы тамыздың 21-жұлдызына сәйкес келеді.

 

ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімі

 

[1]«Фәжір» сүресі 1-2 аяттар.

[2]Ибн Хиббан, Сахиху Әл-жамиъ, 1144.

[3]Ахмад, Табарани риуаят еткен.

[4]Бухаририуаят еткен.

[5]Муслим риуаят еткен

[6]Бухари, Муслим риуаят еткен

[7]Муслим риуаяты

[8]«Кәу­сар» сүресі, 2-аят

[9]Ибн Мәжаһ риуаят еткен

[10] Ән-Нәсаий, Ибн Мәжә риуаят еткен

[11] Бұл хадисті имам Бухари мен Муслим Баро ибн Азиб деген сахабадан нақыл еткен.

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары