ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша бас имамы Естай Айтуғанұлы бастаған бір топ дін қызметкері мен мешіт жамағаты «Дархан дала» отандық туризімді дамыту жобасы аясында Шет ауданына қарасты тарихи орын – Ысқақ молданың көне медресесіне арнайы барып, зиярат жасады.
Зиярат барысында бабамыздың рухына Құран бағышталып, дұға жасалды. Сонымен қатар жиналған қауымға Ысқақ молданың өмірі мен діни-ағартушылық қызметі туралы тағылымды мағлұматтар ұсынылды.
Тарихи деректерге сүйенсек, Ысқақ молда 1887 жылы Ағадыр станциясынан шамамен 20 шақырым қашықтықта орналасқан Қартабай–Шөладыр аумағында дүниеге келген.
Ол 1910 жылы Бұқара қаласындағы «Көкілтәш» медесесіне оқуға түсіп, алты жылға жуық білім алады. Туған топырағына оралғаннан кейін 1915 жылы Ағадыр станциясынан 35 шақырым жердегі Шалтас мекенінде мешіт медресесін салдырған.
Осы мешітте 1916 жылдан 1928 жылға дейін дәріс береді.
Бізге жеткен толық емес тізім бойынша аталмыш мешіт - медресесінде екі жүзге жуық талаба білім алған деседі.
Бұл көне діни білім ордасы – қазақ даласындағы ислам ілімін насихаттаудың бір жарқын үлгісі саналады. Ысқақ молда тек имам емес, ұстаз, ағартушы ретінде де ел жадында сақталған тұлға. Оның еңбегі бүгінгі ұрпақ үшін құнды рухани мұра.
Аталған іс-шара «Дархан дала» жобасының аясында облыс көлеміндегі тарихи діни орындарды аралап, жастар мен жамағатқа рухани тәрбие беру мақсатында ұйымдастырылуда.
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі