ҚМДБ Қарағанды қалалық «Қазыбек би» мешітінің ұйымдастыруымен ойшыл, қазақтың дана ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған «Абай өлеңдерін жатқа оқу» сайысы өтті.
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша бас имамы Естай Айтуғанұлының бастамасымен және Қарағанды қалалық «Қазыбек би» мешітінің имамы Асылхан Нұртайұлының мұрындық болуымен өткен байқауға жалпы 16 қатысушы қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Қатысушылардың орындау шеберлігі мен дайындығы жоғары деңгейде бағаланды.
Әділқазылар алқасының құрамында «Мирас» балалар өнер мектебінің оқытушысы Сұлтан Дәулетханұлы және ақын Дидар Жанатұлы төрелік етті.
Сайыс нәтижесінде жүлделі орындар төмендегідей болды:
I орын – Тілеуқабыл Камил (100 000 теңге);
II орын – Шыныбек Ақжан (70 000 теңге);
III орын – Фатих Сұлтан (50 000 теңге).
Сонымен қатар, байқауға қатысқан өзге үміткерлерге алғыс хаттар табысталды.
Іс-шараның басы – қасында жүріп, жоғары деңгейде өтуіне ат салысқан мешіт ұстазы Асыл Көкешұлы арнайы сөз алып, сайыстың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, облыстық «Әнет баба» мешітінің наиб имамы, «Дін мен дәстүр» бөлімінің жауапты маманы Бақдәулет Қыдырбайұлы арнайы сөз сөйлеп, Абай мұрасының тәрбиелік мәнін баяндады.
Жиын соңында «Қазыбек би» мешітінің имамы Асылхан Нұртайұлы барлық қатысушыларға, жүлдегерлерге және әділқазыларға алғысын білдіріп, Абай мұрасын насихаттаудың қоғам үшін аса қажетті екенін атап өтті.
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі