Мешіттің бас имамы Нуров Махмуд қажы Нурұлының ұйымдастыруымен Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өмірбаяны мен ғибратты ғұмыры жайында айтылды. Мешіт асханасында ақ дастарқан жайылып, Мәуліт оқылып, еліміздің тыныштығы үшін дұға жасалды.
Имам мешіт ұстаздарына, қызметкерлеріне және жамағат арасынан жауаптыларға тапсырмалар берді. Ұстаздарға жамағат пен шәкірттерге Мәуліт туралы кеңінен ақпарат таратып, тың деректерді жеткізу әрі дәрістер санын арттыру жүктелді. Ақсақалдар мен қажы апалардың басын қосып Мәуліт оқылуын, қарияларымыз арқылы Алла Елшісінің (с.а.с.) хадистерін жастарға түсіндіруді және отбасындағы тәрбиеде дұрыс жеткізуді назарға алу тапсырылды.
Сонымен қатар мешіт қызметкерлеріне бес уақыт намазға келетін жамағат арасынан білімге қызығатын жастардың сұрақтарына жауап беріп, Пайғамбарымыздың (с.а.с.) өмірі жайында мағлұмат беріп отыру міндеттелді.
Айта кетейік, мешітте әр күні бесін намазынан кейін Құран тәпсірі сабағы, ал сәрсенбі және сенбі күндері ұстаздардың шәкірттермен тікелей дәрістері өткізіліп келеді. Осы дәрістерде Мәуліт айының қасиеті мен ғибратты оқиғалары тұрақты айтылып жүр.
ҚМДБ Қарағанды облысы өкілдігінің баспасөз қызметі