Алматы қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен республикалық «Әсем киім – әйел ажары» атты мұсылман әйелдерінің сән байқауында Қарағанды облысының атынан қатысқан «KERBEZ» сән үйі жүлделі ІІ орынға ие болды.
Қарағанды облысы бойынша ҚМДБ «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Әйгерім Берікболқызының жетекшілігімен, дизайнер Гүлзат Мұхамедина байқауға 4 түрлі үлгіде (спорттық, күнделікті, кешкілік және кеңселік) 8 киім үлгісін ұсынды.
Аталмыш республикалық сән байқауында еліміздің 17 өңірінен келген қатысушылар бақ сынап, шариғат талаптарына сай әрі заманауи үлгідегі топтамаларын қазылар алқасына ұсынды.
Игі шараның басты мақсаты – ұлттық және діни құндылықтарды дәріптеу, қазақы болмысқа сай заманауи үлгідегі киім үлгілерін насихаттау, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды жаңғыртуға үлес қосу болып табылады.
Қазылар алқасының шешімі бойынша жүлдегерлер келесідей анықталды:
І орын – Маңғыстау облысынан Жайсыбаева Айтгүл Сағыдыллақызы, «Aitgul» сән үйінің жетекшісі;
ІІ орын – Қарағанды облысынан Мұхамедина Гүлзат Тлеуқабылқызы, «KERBEZ» сән үйінің дизайнері;
ІІІ орын – Астана қаласынан Мустафаева Айгерім Мұратқызы, «Aqmonshak» брендінің жетекшісі.
Шара соңында жеңімпаздарға ҚМДБ атынан ақшалай сыйлықтар мен Алғыс хаттар табысталды.