Қарағанды қалалық «Қазыбек би» мешітінің имамы Асылхан Нұртайұлының ұйымдастыруымен мешіт жамағаты мен дін қызметкерлері «Өткенге құрмет – тіріге міндет» тақырыбы аясында «Жалаңтөс батыр» мазарында арнайы сенбілік шарасын өткізді.
Игі шара барысында бабамыз, ел тарихында өшпес із қалдырған Жалаңтөс батырдың мазарына зиярат жасалып, Құран бағышталды. Сонымен қатар, мазар маңы тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Мешіт имамы Асылхан Нұртайұлы бұл шараның басты мақсаты – бабалар аманатына адал болу, тарихқа тағзым ету және кейінгі ұрпаққа үлгі көрсету екенін атап өтті.
«Ата-бабаларымыздың рухына құрмет көрсету – тірілердің басты міндеті. Осындай шаралар арқылы біз өткеннің өнегесін бүгінге жеткізіп, жастардың санасына тарихқа деген құрметті сіңіреміз», – деді имам.
Шараға қатысқан жамағат бұл істің маңыздылығын атап өтіп, алдағы уақытта да ата-баба мұрасына қамқорлықпен қарайтындықтарын жеткізді.