ҚМДБ-ның Қарағанды облысына қарасты қалалық «Қазыбек би» мешітінде қасиетті мәуліт айының құрметіне орай «Мейірімді Мұхаммед» атты рухани мәуліт кеші ұйымдастырылды.
Кешке ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша бас имамы Естай Айтуғанұлы бастаған дін қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, дін жанашырлары, ақындар мен жыршылар және мешіт жамағаты қатысты.
Рухани кеш Пайғамбарымыз (с.а.с ) жайлы әсерлі бейнеролик көрсетуден бастау алып, одан кейін қасиетті Құран аяттары оқылып, ата-баба рухына дұға бағышталды.
Кеш барысында облыстың бас имамы Естай Айтуғанұлы мен «Әнет Баба» мешітінің ұстазы Сұлтан Аманжолов мәуліт оқыды. Алла Елшісінің (с.а.с.) өнегелі өмірінен насихаттар айтылды.
Одан кейін, жазушылар одағының мүшесі, ақын Сұлтан Дәулетханұлы өлең оқыды.
Сонымен қатар, елімізге белгілі айтыскер ақындар Айтбай Жұмағұлов, Тілеген Әділов, Нұрмұхамед Байсүгіров ортаға шығып, «Құлмамбет» айтысын орындап, әсерлі жыр-толғауларын арнады.
Кеш қызықты ойын-сұрақтармен жалғасып, жамағатқа бағалы сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, мешіттің тұрақты демеушісі, дін жанашыры Бақтыбай Жолжақсыұлына облыс бас имамының атынан алғыс хат пен «Бабалар ізімен» кітабы тарту етілді.
Қасиетті Мәуліт айының аясында «Мәуліт сыйы» қайырымдылық шарасы өткізіліп, мүмкіндігі шектеулі жанға қол арбасы табысталды.
Іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастыруға үлес қосқан барша азаматтарға, сондай-ақ, «Күнгей» мейрамханасының басшылығына мешіт имамы Асылхан Нұртайұлының атынан алғыс хат табысталды.
Рухани мазмұнға толы кешке жиналған жамағат ерекше әсер алып, Мәуліт айының берекесін сезінді.
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі